Контентке өту

Қазақстан мен Ресей 53 миллиард долларлық жобаларды жүзеге асырып жатыр

Қазақстан мен Ресей 53 миллиард долларлық жобаларды жүзеге асырып жатыр
ашық дерек

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин келіссөздерді ресми делегация мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғастырды, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Кездесу барысында Мемлекет басшысы Ресей Президентінің Қазақстанға жасаған сапары екі ел арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастардың ерекше сипатын көрсететінін атап өтті.

«Қазақстан үшін ең әуелі Ресеймен жақын әрі достық байланыстар айрықша маңызды десек, артық болмайды. Бірлескен күш-жігердің арқасында екіжақты ынтымақтастық барлық салада сенімді түрде дамып келеді әрі оны мемлекетаралық байланыстардың нағыз үлгісі деп атауға болады», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев шағын құрамда өткен келіссөздердің нәтижелі болғанын айтып, тараптар сан қырлы серіктестікті одан әрі нығайтуға ниетті екенін жеткізді.

Президенттің айтуынша, Қазақстан мен Ресей арасында шешілмеген мәселе жоқ және екіжақты қарым-қатынаста тек оң динамика байқалады.

«Осы қарқынды сақтап, жаңа жобалар мен бастамалар арқылы ынтымақтастықты дамыта береміз. Бұл орайда бүгін қабылданатын “Қазақстан және Ресей халықтары арасындағы достық пен тату көршіліктің жеті негізі туралы” бірлескен мәлімдеменің маңызын ерекше атап өткім келеді. Аталған құжат қарым-қатынасымыздың сипатын танытады және оны ұзақмерзімді негізде тереңдетуге бейіл екенімізді көрсетеді», – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Президент әлемдегі күрделі ахуалға қарамастан, екі ел арасындағы ықпалдастықтың, әсіресе экономика саласында, табысты дамып келе жатқанын айтты.

Мемлекет басшысы өңіраралық ынтымақтастық форумдарын өткізу дәстүрге айналғанын атап өтіп, Ресейдің Қазақстан экономикасына инвестиция құйған елдер арасындағы ең ірі инвестор екенін мәлімдеді.

«Қазақстанның Ресей экономикасына салған қаржысы 9 миллиард доллардан асты. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Екі ел президенттері әкімшіліктері мен үкіметтерінің бірлесе атқарған жұмысының нәтижесі. Осы қарқынды ары қарай жалғастыруға уағдаластық», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің мәліметінше, қазіргі таңда инвестицияның жалпы көлемі 53 миллиард доллар болатын 177 бірлескен жобаның пулы жасақталған. Оның ішінде 122 жоба іске асырылып, операциялық кезеңге өткен.

Admin

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты