Контентке өту

Қазақстанда елді мекендерді абаттандырудың жаңа талаптары енгізілді

Қазақстанда елді мекендерді абаттандырудың жаңа талаптары енгізілді

2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда елді мекендер аумағын абаттандыруға қатысты жаңа Үлгілік қағидалар қолданысқа енгізілді. Құжат жаңа Құрылыс кодексін іске асыру аясында әзірленіп, елді мекендердің санитариялық жағдайын ғана емес, олардың қауіпсіздігі мен жайлылығын, сәулеттік келбетін және қоғамдық кеңістіктердің сапасын арттыруға бағытталған.

Жаңа қағидаларда мемлекет, жылжымайтын мүлік иелері мен пайдаланушылары, кәсіпкерлер, МИБ, басқарушы компаниялар және коммуналдық ұйымдар арасындағы міндеттер нақты айқындалды.

Іргелес аумақты күтіп-ұстау міндеті енгізілді

Жаңа талаптарға сәйкес, жергілікті қағидаларда өзгеше тәртіп белгіленбесе, жылжымайтын мүлік объектілерінің меншік иелері мен пайдаланушылары ғимарат немесе нысан периметрі бойынша 5 метрге дейінгі іргелес аумақтың санитариялық жағдайын өз қаражаты есебінен қамтамасыз етуге міндетті.

Бұл талап жер учаскесін меншікке немесе жер пайдалануға беруді білдірмейді. Яғни меншік иесінің міндеті – бекітілген аумақта тазалық пен тәртіпті сақтау.

Құрылыс материалдарын бейберекет орналастыруға тыйым салынады

Жеке тұрғын үй құрылысы аумағында құрылыс және өзге де материалдарды жер учаскесінен тыс жерлерде жинап қоюға болмайды.

Материалдарды уақытша орналастыруға құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан кезеңде ғана рұқсат етіледі. Бұл ретте олар жаяу жүргіншілер мен көлік қозғалысына кедергі келтірмеуге, қауіпсіздік талаптарын сақтауға және құрылыс аяқталған соң аумақты ретке келтіруге тиіс.

Көппәтерлі тұрғын үйлердің аулаларында жарамсыз немесе бөлшектелген көліктерді қоюға, сондай-ақ ортақ автотұрақтарды пайдалануға кедергі келтіретін өз бетінше орнатылған тұрақ шектеуіштеріне тыйым салынады.

Сонымен қатар көліктердің көгалдар мен жасыл аймақтарға кіруін шектейтін арнайы элементтер қарастырылған.

Көгалдандыруға жауапты тараптар айқындалды

Жаңа қағидаларда жасыл желектерді күтіп-ұстауға кім жауапты екені нақты көрсетілген.

Саябақтар, скверлер, гүлзарлар және жалпыға ортақ пайдаланылатын аумақтар үшін жергілікті атқарушы органдар мен коммуналдық кәсіпорындар жауап береді.

Ал көппәтерлі тұрғын үйлердің аулаларын көгалдандыру мен күтіп-ұстауға МИБ пен басқарушы компаниялар жауапты болады.

Қалалық ортаға жаңа талаптар қойылды

Қағидалар көгалдандыру, жаяу жүргіншілер жолы, балалар және спорт алаңдары, сыртқы жарықтандыру, шағын сәулет нысандары мен қоғамдық кеңістіктерге қойылатын талаптарды күшейтеді.

Бұл ретте кедергісіз орта қалыптастыру, жасыл желектерді сақтау, энергия үнемдейтін технологияларды қолдану, қауіпсіз жабдықтарды пайдалану және елді мекендердің бірыңғай сәулеттік келбетін қалыптастыру мәселелеріне ерекше мән берілген.

Үй жануарларын серуендету де реттелді

Үлгілік қағидаларда алғаш рет иттерді серуендетуге арналған арнайы алаңдарды жабдықтау талаптары белгіленді.

Үй жануарларының иелері олардың тіршілік әрекетінен қалған қалдықтарды дереу жинауға міндетті. Ал балалар ойын және спорт алаңдарында үй жануарларын серуендетуге тыйым салынады.

Жауапкершілік күшейеді

Жаңа қағидаларды сақтауға жергілікті атқарушы органдар, жылжымайтын мүлік иелері мен пайдаланушылары, МИБ, кооперативтер, басқарушы компаниялар, кәсіпкерлер, коммуналдық және мердігер ұйымдар, сондай-ақ жеке тұлғалар жауапты.

Сонымен қатар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске тиісті өзгерістер енгізілді. Енді жергілікті атқарушы органдарға абаттандыру қағидаларын бұзу және ортақ пайдаланылатын орындарды ластау фактілері бойынша әкімшілік істерді қарау өкілеттігі берілді.

Атап айтқанда, ӘҚБтК-нің 505-бабы абаттандыру қағидаларын бұзуға, ал 434-2-бабы ортақ пайдаланылатын орындарды ластауға қатысты. Мұндай істерді тиісті деңгейдегі әкімдер мен олардың орынбасарлары қарайды.

Таразда жаңа талаптарды кезең-кезеңімен енгізу жоспарлануда

Тараз қаласында жаңа Үлгілік қағидаларды іске асыру үшін қолданыстағы жергілікті абаттандыру қағидаларын жаңа талаптарға сәйкестендіру, қаладағы абаттандыру нысандарын түгендеу, жауапты мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейту және кезең-кезеңімен іске асыру жоспарын әзірлеу ұсынылады.

Сондай-ақ қала тұрғындарына, кәсіпкерлерге, МИБ-тер мен басқарушы компанияларға жаңа талаптарды түсіндіру жұмыстары күшейтіледі.

Жаңа Үлгілік қағидалардың негізгі мақсаты – қаланың тек таза болуын емес, қауіпсіз, қолайлы, жасыл және эстетикалық тартымды ортаға айналуын қамтамасыз ету. Бұл бағыттағы жұмыс мемлекет, бизнес және тұрғындардың ортақ жауапкершілігіне негізделеді.

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты