Контентке өту

Таразда өңірлік университеттердің болашағына арналған республикалық форум өтті

Таразда өңірлік университеттердің болашағына арналған республикалық форум өтті

Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде «Жаңа буындағы өңірлік университет: ғылым, жасанды интеллект және аумақтарды дамыту» тақырыбында Қазақстандық ректорлар Одағының ғылыми-тәжірибелік форумы өтті, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Ауқымды жиынға еліміздің жоғары оқу орындарының ректорлары, профессор-оқытушылар құрамы, докторанттар мен магистранттар қатысты. Сонымен қатар, М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Еркінбаева бастаған профессор-оқытушылар құрамы да белсенді қатысып, жоғары білім беру саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға өз үлестерін қосты.

Форумның ашылуында Қазақстандық ректорлар Одағының тең президенті Бақытжан Жұмағұлов сөз сөйлеп, өңірлік университеттердің еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып отырған маңызды үлесіне тоқталды. Сондай-ақ жоғары білім беру жүйесін жаңғырту, ғылым мен инновацияны дамыту бағытындағы басым міндеттерді атап өтті.

Өз кезегінде Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров өңірдегі жоғары оқу орындарының ғылыми әлеуетін арттыру және білікті мамандар даярлаудың маңыздылығына назар аударды.

Ал Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрағасы Гүлжан Джарасова жоғары білім беру сапасын арттыру, ғылымды қолдау және заманауи технологияларды білім беру үдерісіне енгізу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Форум барысында Қазақстандық ректорлар Одағының жоғары білім беру саласындағы басым бағыттары, Мемлекет басшысының жоғары білім жүйесін жаңғырту жөніндегі бастамаларын іске асыру тетіктері, өңірлік экономика үшін адами капитал даярлау, университеттердің цифрлық трансформациясы және аграрлық ғылымды дамыту мәселелері жан-жақты талқыланды.

Сонымен қатар, жасанды интеллект дәуіріндегі жоғары оқу орындарының жаңа мүмкіндіктері мен сын-қатерлері, білім беру сапасын арттырудағы инновациялық шешімдер, ғылыми зерттеулердің тиімділігін күшейту және өңірлік даму мәселелері бойынша мазмұнды баяндамалар жасалды.

Қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, ғылым мен білім саласындағы өзекті мәселелерге қатысты ұсыныстарын ортаға салды. Атап айтқанда, Дулати университетінің профессор-оқытушылар құрамы цифрлық білім беру платформаларын жетілдіру, студенттердің зерттеу дағдыларын дамыту және өндіріс пен ғылым арасындағы байланысты нығайту бағытындағы пікірталастарға белсенді қатысып, тәжірибелерімен бөлісті.

Форум қорытындысы бойынша арнайы резолюция қабылданып, жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға және ғылым мен білім саласын одан әрі дамытуға бағытталған бірқатар ұсыныстар қарастырылды.

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты