Тараз қаласында жылу инфрақұрылымын жаңғырту бағытындағы ауқымды жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осыған орай қала әкімі Бақытжан Орынбеков бірқатар құрылыс нысандарын аралап, маңызды жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты.
Алдымен шаһар басшысы «М-3» жылу магистраліндегі құрылыс жұмыстарының қарқынын көрді. Қазіргі таңда нысанда арнайы техникалар мен білікті мамандар жұмылдырылып, жылу желілерін кезең-кезеңімен жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Жоба аясында тозығы жеткен құбырлар заманауи жаңа жүйелерге ауыстырылып, жылумен қамту желілерінің сенімділігі мен тиімділігін арттыру көзделген.
Жылу инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары соңғы жылдары қалада жоспарлы түрде іске асырылып келеді. Атап айтқанда, 2024-2025 жылдары Сыпатай батыр, Төле би және Қ.Тұрысов көшелері бойымен өтетін М-1 жылу магистралін қайта жаңғырту жобасы толық аяқталып, нәтижесінде 6 мыңнан астам метр жылу құбыры жаңартылды. Бұл өз кезегінде желілердің тозу деңгейін төмендетіп, тұрғындарға көрсетілетін коммуналдық қызмет сапасын жақсартуға мүмкіндік берді.
Сондай-ақ өткен жылы Жамбыл даңғылының Төле би даңғылынан Әйтеке би көшесіне дейінгі аралықта орналасқан М-3 жылу магистралінің 650 метр бөлігі қайта жаңғыртудан өтті. Аталған жұмыстар жылу беру маусымындағы апаттық жағдайлардың алдын алып, жүйенің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған.
Нысанды аралау барысында қала әкімі құрылыс жұмыстарының сапасы мен мерзімінде орындалуына ерекше назар аударды. Сонымен қатар қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау, тұрғындарға келтірілетін қолайсыздықтарды барынша азайту және барлық жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтау қажеттігін атап өтті. Жоспарға сәйкес жаңғырту жұмыстары бір ай көлемінде аяқталып, уақытша жабылған көлік қозғалысы қайта қалпына келтіріледі.
Бұдан кейін Бақытжан Әмірбекұлы «Самал» және «Алатау» шағын аудандарындағы ішкі кварталдық жылу желілерін қайта жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты. Қазіргі таңда аталған аумақтарда тұрғын үйлерді жылумен қамтамасыз ететін ескірген инженерлік желілер жаңартылып, заманауи талаптарға сай жаңа жүйелер орнатылуда.
Шаһар басшысы мердігер ұйым өкілдеріне құрылыс кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтау, қазылған аумақтарды уақытылы қалпына келтіру, тұрғындардың күнделікті тұрмысына кедергі келтірмеу және жұмыстарды жоғары сапада орындау жөнінде нақты тапсырмалар берді. Сонымен бірге барлық кезеңдердің жауапты мамандардың тұрақты бақылауында болуы қажеттігін жеткізді.
Жалпы, Тараз қаласының жылу желілерін кешенді түрде жаңғырту мақсатында бүгінде 7 ірі жоба әзірленіп, оларды қаржыландыру үшін республикалық бюджетке тиісті өтінімдер жолданған. Аталған жобалар толық жүзеге асқан жағдайда қаладағы жылу желілерінің тозу деңгейі қазіргі 66,4 пайыздан 51 пайызға дейін төмендеп, тұрғындарды сапалы әрі тұрақты жылумен қамтамасыз ету мүмкіндігі арта түспек.