Астанада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин шағын құрамда келіссөз жүргізді. Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттары, стратегиялық серіктестік және ірі энергетикалық жобалар талқыланды, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей басшысын елордада қарсы алып, бұл мемлекеттік сапардың маңызына тоқталды.
– Құрметті Владимир Владимирович, елордаға қош келдіңіз! Мемлекеттік сапармен келгеніңізге қуаныштымын. Бұл сапардың елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарды дамыту тұрғысынан мәні зор. Сонымен қатар Еуразия құрлығындағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде де айрықша мәнге ие деп ойлаймын, – деді Мемлекет басшысы.
Президент екі маңызды құжатқа ерекше назар аударды. Оның бірі – Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастардың жеті негізі туралы бірлескен мәлімдеме.
– Жеті – қасиетті сан. Құжат өте мазмұнды. Оны өзім қарап, түзетулер енгіздім. Аталған мәлімдеме екі ел жылнамасына маңызды оқиға ретінде енеді деп сенемін, – деді Тоқаев.
Сондай-ақ Қазақстанда атом электр станциясын салу жөніндегі келісімнің стратегиялық маңызы атап өтілді.
– АЭС құрылысы туралы келісімнің стратегиялық мәні жөнінде айта беру артық. Біз – достас, бауырлас елдерміз. Ортақ бай тарихымыз бар, мәдени дәстүрлеріміз бен халықтарымыздың менталитеті бір-біріне ұқсас, – деді Президент.
Өз кезегінде Владимир Путин қазақ тарапының қонақжайлығына алғыс айтып, екі ел арасындағы достық қатынастардың тарихи маңызын атап өтті.
– Былтыр бізге мемлекеттік сапармен келгеніңізге қуандық. Сол кезде ғасырлар бойы қалыптасқан халықтарымыз арасындағы берік достық пен өзара құрметке негізделген стратегиялық серіктестікті кеңейту бағытында тағы да алға қадам жасадық. Бүгін де жемісті жұмыс атқарамыз деп ойлаймын, – деді Ресей президенті.
Сондай-ақ Путин делегацияның Қазақстанға Құрбан айт мерекесі қарсаңында келгенін айтып, бұл мейрамның Қазақстанда да кеңінен атап өтілетінін жеткізді.
Келіссөздер қорытындысы бойынша бірқатар маңызды екіжақты құжаттарға қол қою жоспарланып отыр.