Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинн елорда әуежайында салтанатты түрде қарсы алды, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Мәртебелі мейманның сапары аясында ерекше құрмет көрсетіліп, Ресей президентінің ұшағы Қазақстан әуе кеңістігіне енген сәттен бастап Астана әуежайына қонғанға дейін Қазақстан Республикасы Әуе қорғанысы күштерінің әскери ұшақтары қапталдаса ұшты.
Әуежайда ұшақ трапының алдында Құрмет қарауылы ротасы сап түзеп, ресми қарсы алу рәсімі ұйымдастырылды. Владимир Путин мен ресми делегация мүшелерін қос мемлекеттің туларын ұстаған балалар қарсы алды. Сонымен қатар, Махамбет Өтемісов атындағы Оқушылар сарайы барабаншылары арнайы қошемет көрсетті.
Салтанатты шара барысында Қазақстан және Ресей туларын желбіреткен тікұшақтар әуежай алаңының үстімен ұшып өтті.
Ресми сапар аясында екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту мәселелері талқыланады деп күтілуде.