Өңірдің даму деңгейі кейде ірі экономикалық көрсеткіштермен емес, тұрғындардың күнделікті өміріндегі қарапайым өзгерістермен бағаланады. Үйге келетін таза ауыз су, үздіксіз көгілдір отын, сапалы жол, жарықтандырылған көшелер мен жаңа әлеуметтік нысандар – халық үшін ең маңызды игіліктердің қатарында. Осы тұрғыдан алғанда Т.Рысқұлов ауданында соңғы жылдары қолға алынған инфрақұрылымдық жобалар елді мекендердің келбетін ғана емес, тұрғындардың тұрмыс сапасын да жақсартып келеді, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Бүгінде аудан халқы үшін ең өзекті мәселелердің бірі болған ауыз су мәселесі толық шешімін тапқан. 2025 жылдың қорытындысы бойынша ауданға қарасты 42 елді мекеннің барлығы орталықтандырылған таза ауыз сумен қамтылды. Бұл – көптеген жылдар бойы кезең-кезеңімен атқарылған жұмыстың нәтижесі. Дегенмен, қолданыстағы жүйелерді жаңғырту жұмыстары тоқтап қалған жоқ. Қазіргі таңда үш елді мекендегі су жүйелерін қайта жаңарту үшін республикалық бюджетке 2,6 миллиард теңгеге өтінім жолданған. Сонымен қатар Луговой ауылындағы тұрғын алқаптарына жаңа су желілерін тартуға арналған жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, қаржыландыру мәселесі қарастырылуда.
Газдандыру жұмыстары да аудан тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырған маңызды бағыттардың бірі болды. Қазіргі таңда 42 елді мекеннің 35-і табиғи газға қосылып, аудан халқының 99,4 пайызы көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Бұл тек тұрмыстық қолайлылық қана емес, экологиялық жағдайды жақсартуға және тұрғындардың шығынын азайтуға мүмкіндік беретін маңызды әлеуметтік жоба.
Көлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстары да жүйелі жалғасуда. Бүгінде аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының қанағаттанарлық жағдайы 98 пайызға жетсе, елді мекендердің ішкі көшелерінің көрсеткіші 87 пайызды құрайды. Бұл бағыттағы жұмыстардың қарқыны алдағы уақытта да бәсеңдемейді. Қазірдің өзінде ондаған көшені және бірнеше аудандық маңызы бар автожолды жөндеуге арналған жобалар әзірленіп, республикалық бюджеттен қаржы бөлуге өтінімдер ұсынылған. Жалпы ұзындығы 70 шақырымға жуық жолды жаңарту жоспары ауданның көлік қатынасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Жол жөндеумен қатар қауіпсіздік мәселесіне де ерекше назар аударылған. Биыл жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ондаған миллион теңге бөлініп, жол белгілерін жаңарту, қозғалысты реттеу және алдын алу шаралары жоспарланған. Бұл әсіресе мектептер мен халық көп шоғырланған аумақтардағы қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған.
Түнгі уақытта көшелердің жарық болуы да тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығы үшін маңызды. Қазіргі таңда аудандағы 352 көшенің 311-і жарықтандырылған. Бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді. Жарықтандыру жұмыстары жаңа тұрғын алқаптарын қамтып, ауылдардың инженерлік инфрақұрылымын жақсартуға ықпал етуде.
Инфрақұрылым тек инженерлік желілермен шектелмейді. Ауданда әлеуметтік нысандардың құрылысы да қарқынды жүргізілуде. Құлан ауылында жаңа спорт мектебінің, Қарақат ауылында мектепке жапсарлас спорт залының, Жаңатұрмыс ауылында мәдениет үйінің құрылысы жалғасуда. Сонымен қатар аудан үшін стратегиялық маңызы бар теміржол вокзалының құрылысы жүзеге асырылып жатыр. Бұл нысандар тұрғындардың әлеуметтік қажеттілігін қамтамасыз етіп қана қоймай, ауданның сәулеттік келбетін жаңғыртуға да ықпал етеді.
Тұрғын үй мәселесін шешу де күн тәртібінен түскен емес. Биыл бюджет қаражаты есебінен 20 пәтер сатып алынып, баспанаға мұқтаж азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасты. Бұл әлеуметтік қолдаудың нақты көрінісі әрі халықтың тұрмыс деңгейін жақсартуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.
Инфрақұрылымды дамыту қоршаған ортаны қорғау жұмыстарымен қатар жүргізілуде. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында аудан көлемінде 115 мыңнан астам көшет отырғызылып, күз мезгілінде тағы 20 мың ағаш егу жоспарланып отыр. Нәтижесінде жыл соңына дейін 137 мың түп ағаш егілмек. Бұл жұмыстар елді мекендердің экологиялық ахуалын жақсартып, тұрғындарға жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға бағытталған.
Бүгінде Т.Рысқұлов ауданында инфрақұрылымды дамыту бір реттік науқан емес, ұзақ мерзімді жоспарға негізделген жүйелі саясатқа айналған. Су, газ, жол, жарық, тұрғын үй және әлеуметтік нысандардың қатар дамуы халықтың өмір сапасын арттырумен қатар, өңірдің инвестициялық тартымдылығын да күшейтіп келеді. Инфрақұрылымға салынған әрбір инвестиция ертеңгі экономикалық өсімнің ғана емес, тұрғындардың әл-ауқатының да берік негізін қалыптастыратыны анық.