Контентке өту

Жайылымнан экспортқа дейін: Жамбыл мал шаруашылығының дамуы

Жайылымнан экспортқа дейін: Жамбыл мал шаруашылығының дамуы

Жамбыл облысы климаттық жағдайлары, топырақ жамылғысы мен өсімдік әлемінің ерекшеліктері жағынан мал шаруашылығын дамытуға қолайлы өңірлердің бірі саналады. Қажетті ресурстарды тартып, заманауи ғылыми жетістіктерді тиімді пайдалану арқылы бұл сала айтарлықтай экономикалық нәтиже беріп, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Бірнеше жыл бұрын облыс әкімдігі мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры шағын және орта бизнесті жеңілдетілген несиелеуге арналған «Jambyl Business» бағдарламасын әзірлеген болатын. Сонымен қатар «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауыл кәсіпкерлеріне де қаржылай қолдау көрсетілуде.

Жамбыл облысы әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, 2026 жылғы сәуір айының қорытындысы бойынша өңірдегі мал басы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда артқан. Атап айтқанда, ірі қара мал саны 490,3 мың басқа, қой саны 3 467,1 мың басқа, жылқы 209,7 мың басқа, түйе 9,1 мың басқа, құс саны 2 198 мың басқа жетті.

Есепті кезеңде 33,6 мың тонна ет өндіріліп, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,9 пайызға артық болды. Сондай-ақ 57,9 мың тонна сүт өндіріліп, өсім 1,8 пайызды құрады.

Облыста сүт өндірумен қуаттылығы 50-ден 400 басқа дейінгі, жылдық өнімділігі 15 мың тоннаға дейін жететін 47 шаруа қожалығы және қуаттылығы 400-670 басқа дейінгі, жылына 4 мың тонна өнім өндіретін бір агроқұрылым айналысады.

Биыл асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға жергілікті бюджеттен 6,7 миллиард теңге бөлініп, оның 5,5 миллиард теңгесі 3015 шаруашылыққа төленді.

Өңірде әрқайсысының сыйымдылығы 1000 бастан асатын 10 бордақылау алаңы жұмыс істейді. Сонымен қатар тәулігіне 300 бас ұсақ мал мен 50 бас ірі қара өңдейтін екі ірі кәсіпорын – «Меркі ет комбинаты» ЖШС мен «Первомайские деликатесы» ЖШС, сондай-ақ бір мезетте 5000 басқа дейін мал бордақылайтын «Медет» және «Олжа» шаруа қожалықтары бар.

Облыста құс шаруашылығы бағытындағы үш ірі кәсіпорын жұмыс істейді. Оның ішінде жылына 20 мың тонна құс етін өндіретін «Әулие-Ата Феникс» ЖШС мен «Алель-Агро» АҚ еншілес кәсіпорны, сондай-ақ қуаттылығы 28 мың тонна болатын «Аса-Даму» ЖШС бар.

Сәуір айының қорытындысы бойынша Қырғызстан, Катар, Кувейт, Біріккен Араб Әмірліктері, Ресей, Сауд Арабиясы, Иран және Германия елдеріне 1084 тонна ет пен 140,7 тонна шұжық өнімдері экспортталды. Оның ішінде 257,4 тонна қой еті, 0,055 тонна жылқы еті, 409,4 тонна құс еті және 417,2 тонна жануар тектес өзге де өнімдер сыртқы нарыққа шығарылды.

2027 жылға дейін агроөнеркәсіп кешенінде жалпы құны 245,4 миллиард теңгені құрайтын 36 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Нәтижесінде 1110 жаңа жұмыс орны ашылады.

Саланы одан әрі дамыту мәселесіне келсек, мал шаруашылығы табиғи жемшөп базасы жеткілікті болған жағдайда ғана экономикалық тұрғыдан тиімді саналады. Бүгінде облыстағы жайылымдық жерлердің жалпы аумағы 3,5 миллион гектарды құрайды. Алайда оларды тиімді пайдалану үшін жайылым ресурстарын тұрақты басқару жүйесін жетілдіру қажет.

Өйткені кейбір жайылымдар ұзақ уақыт пайдаланылмай бос жатса, енді бір бөлігі шамадан тыс мал жаю салдарынан тозып, айналымнан шығып жатыр. Сондықтан шалғай жайылымдарды суландыру жобаларын жүзеге асыру маңызды. Бұл өз кезегінде жағдайды жан-жақты талдауды және қосымша инвестиция тартуды талап етеді.

Осылайша, мал шаруашылығын одан әрі дамыту мәселесі жан-жақты әрі жауапты көзқарасты қажет етеді. Өйткені өңір үшін ет, сүт және былғары өнімдерінің өндірісін ұлғайту стратегиялық маңызға ие.

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты