Қазақстанның халық әртісі, танымал әнші Мақпал Жүнісова Қарағанды қаласына барған сапарынан кейін өз ренішін білдірді. Бұл туралы өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Әншінің айтуынша, бұрынғыдай құрмет пен ілтипат бұл жолы көрсетілмеген. Ол өткен жылдарды еске алып, қазіргі жағдаймен салыстырды.
«Зәкең марқұм билікте болғанда, Қарағандының дөкейлері осылай траптан қарсы алатын еді. Осы жолы барғанда біреуінің төбесін көрмедік, ең болмаса мәдениет бөлімінің біреуі келмеді ғой», — деп жазды әнші.
Бұл жазба желі қолданушылары арасында қызу талқыланып, көпшілік өнер иесіне қолдау білдірді. Пікір қалдырушылардың басым бөлігі мұндай жағдайға түсіністікпен қарап, әншінің еңбегін жоғары бағалайтындарын жеткізген.
«Иә, өкпеңіз орынды Мақпал ханым. Қар жауды, із басылды дегендей, биліктегілер көңіл бөлмесе де, халықтың сізге деген құрметі әрдайым жоғары», — деп жазды желі қолданушыларының бірі.
Тағы бір пікірде: «Енді барлық нәрсе өз уақытымен ғой. Заманыңыз жүргенде қарсы алды да», — делінген.
Сондай-ақ кейбір қолданушылар жергілікті билік өкілдерінің әрекетіне сын айтып, танымал өнер иесін лайықты деңгейде қарсы алмағанына өкініш білдірді.
Дегенмен, көпшілік әншінің халық арасындағы беделі мен абыройы өзгермейтінін ерекше атап өтті. Олардың айтуынша, ресми қабылдаудан гөрі, көрерменнің ықыласы мен құрметі әлдеқайда маңызды.
Желіде тараған пікірлердің бірінде: «Макеңнің дымы кеткен жоқ. Халық қошаметпен күтіп алды. Алла осы абыройынан айырмасын!» — деп жазылған.
Айта кетейік, Мақпал Жүнісова – қазақ эстрадасында өзіндік орны бар, халықтың сүйікті әншілерінің бірі. Оның өнері мен шығармашылығы талай жылдар бойы тыңдарманның жүрегінен орын алып келеді.