Контентке өту

Жамбыл ауданы: инвестиция, инфрақұрылым және ауыл дамуы қатар өркендеп келеді

Жамбыл ауданы: инвестиция, инфрақұрылым және ауыл дамуы қатар өркендеп келеді

Жамбыл облысы Жамбыл ауданы соңғы жылдары әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын сақтап отырған өңірлердің бірі ретінде ерекшеленіп отыр. Әкімшілік аумақтың өзгеруіне қарамастан, аудан экономикасында өсім байқалып, өндіріс, ауыл шаруашылығы, құрылыс пен инфрақұрылым салаларында бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылуда. Бұл туралы Жамбыл ауданының әкімі Ерлан Қыдыралыұлы кеңінен баяндады, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Аудан аумағы 419,8 мың гектарды құрайды. Оның 235,9 мың гектары ауыл шаруашылығы жерлері болса, 55,2 мың гектары егістік алқаптары саналады. Тараз қаласының шекарасы кеңеюіне байланысты аудан құрамынан төрт ауылдық округтегі 11 елді мекен облыс орталығына берілген. Қазіргі таңда ауданда 13 ауылдық округке қарасты 31 елді мекен бар. Онда 51 286 адам тұрады. Экономикалық белсенді тұрғындар саны – 31,5 мың адам немесе жалпы халықтың 61,4 пайызы.

Өнеркәсіп саласында өсім бар

Жыл қорытындысында аудан экономикасында оң динамика қалыптасты. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 4,1 пайызға, құрылыс жұмыстары 31,6 пайызға, сауда көлемі 13,7 пайызға артса, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 75,3 пайыздық өсім көрсетті.

Бүгінде ауданда 12 шағын өндірістік нысан жұмыс істейді. Олардың қатарында «Амангелді» ЖШС мұнай өңдеу зауыты, медициналық бұйымдар шығаратын «Super-pharm» ЖШС және гипс тасын өндіретін «Кнауф Гипс Тараз» кәсіпорны бар. Жалпы өнеркәсіп өнімінің көлемі 44,5 миллиард теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 104,1 пайызды құрады. Өңдеу өнеркәсібінің үлесі – 38,8 миллиард теңге.

Инвесторларға қолайлы орта қалыптасуда

Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 35 миллиард 413 миллион теңгеге жеткен. Оның 28,4 миллиард теңгесі – жеке инвестициялар.

2025 жылы жалпы құны 1,8 миллиард теңгені құрайтын бес инвестициялық жоба іске асырылып, 71 жаңа жұмыс орны ашылды. Оның ішінде ауыл шаруашылығы бағытындағы төрт жобаның құны 1,1 миллиард теңге болды.

Айшабибі ауылдық округінде «Ализа» ЖШС жылына 7000 тонна өнім сақтайтын көкөніс қоймасын іске қосты. Жобаның құны – 900 миллион теңге. Нысанға электр желісі мен газ құбыры тартылған.

Гродиково ауылдық округінде кәсіпкер Дариғаш Ақылбекова жылына 90 тонна өнім өңдейтін сүт цехын ашты. Сонымен қатар «Карим Жансерик» шаруа қожалығы жылына 10 тонна балық өсіретін бассейн салса, «Жұманов Саламат» шаруашылығы 35 тонна балық өндіруге арналған жоба жүзеге асырды.

Көлқайнар ауылдық округінде халықаралық «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізі бойында «Арзан Сити-3» сервистік кешені пайдалануға берілді. Құрамында 500 орындық кафе, қонақүй, дүкен мен монша бар нысан 50 адамды жұмыспен қамтыды.

2026 жылы ірі жобалар жүзеге асады

Келер жылы ауданда жалпы құны 63 миллиард теңгені құрайтын 12 ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Соның нәтижесінде 258 жаңа жұмыс орны ашылады.

Көлқайнар ауылдық округінде «АзНур» шаруа қожалығы тәулігіне сегіз тонна сүт өндіретін тауарлы-сүт фермасын салуда. Ал Ақбастау ауылдық округінде кәсіпкер Шавкат Рыжибаев жылына 240 мың бас құс өсіретін құс фабрикасын іске қоспақ.

Бирлесу-Еңбек ауылында «Кнауф Гипс Тараз» ЖШС гипсокартон және құрғақ құрылыс қоспаларын өндіретін зауытын кеңейтуді қолға алды. Құны 14,5 миллиард теңге болатын жоба аясында жылына 22 миллион шаршы метр гипс өнімдері шығарылып, 100 адам жұмыспен қамтылады.

Аулиекөл ауылында «KEGOC» АҚ бес миллиард теңгеге электр қосалқы станциясын салуда. Сонымен қатар «Juru-Masdar» компаниясы ұзындығы 25 шақырым болатын электр желісін тартуды жоспарлап отыр.

Айшабибі ауылдық округінде «ГЭС Мырзатай» ЖШС құны 30 миллиард теңге болатын бу-газ қондырғыларын өндіретін зауыт салмақ. Жоба қуаты – 50 мегаватт.

Ауыл шаруашылығы – негізгі бағыттардың бірі

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 56,5 миллиард теңгені құрады. Оның 36,8 миллиард теңгесі өсімдік шаруашылығына, 19,2 миллиард теңгесі мал шаруашылығына тиесілі.

Биыл 51 933 гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның ішінде бидай, арпа, жүгері, майлы дақылдар, қант қызылшасы, картоп, көкөніс және мал азығы дақылдары бар.

Нәтижесінде 244 156 тонна көкөніс, 26 972 тонна қант қызылшасы, 19 635 тонна бақша өнімдері және 295 131 тонна мал азығы жиналды.

Ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту жұмыстары да жалғасуда. Жалпы құны 869,4 миллион теңгеге 103 техника сатып алынған.

«Ауыл аманаты» жобасы аясында 400 миллион теңгеге 56 жоба қаржыландырылды. Сонымен бірге 525 шаруашылыққа 3,147 миллиард теңге көлемінде мемлекеттік қолдау көрсетілді.

Тұрғын үй және инфрақұрылым

2025 жылы ауданда 31 316 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Қазір баспана кезегінде 2528 адам тұр.

Әлеуметтік осал топтарға арналған 30 пәтер сатып алуға республикалық бюджеттен 411,7 миллион теңге бөлінді. Бұдан бөлек, 150 пәтерді бюджет есебінен сатып алу үшін 2,3 миллиард теңге қарастырылған.

Аса ауылында бес қабатты 120 пәтерлі тұрғын үй салынып, мемлекет теңгеріміне алынған. Сондай-ақ Аса, Айша-бибі және Тастөбе ауылдарынан 60 пәтер сатып алынған.

Жеті елді мекенде жаңа тұрғын алқаптарына инженерлік инфрақұрылым тартылып, нәтижесінде 1864 жер телімі тұрғындарға берілді.

Ауыз су, газ және жол мәселесі шешімін табуда

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауданның барлық елді мекендері сапалы ауыз сумен толық қамтылған. Сонымен қатар 31 елді мекен табиғи газға қосылған.

2025 жылы аудандық маңызы бар бес автожолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жалпы ұзындығы 22,1 шақырымды құрайтын жолдарды жөндеуге 667,7 миллион теңге бөлінген.

Жергілікті маңызы бар жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 98,4 пайызға жеткен. Ал елді мекен көшелерінің 92 пайызы талапқа сай күйге келтірілген.

Құрылыс және әлеуметтік нысандар

Биыл құрылыс жұмыстарының көлемі 13,5 миллиард теңгені құрап, өсім 31,6 пайыз болды.

Қазіргі таңда аудан аумағында 25 нысанның құрылысы жүргізілуде. Олардың қатарында музей, кітапхана, архив, жасөспірімдер үйірмесі орталығы және жаяу жүргіншілер көпірі бар.

2026 жылы Бесағаш пен Ш. Ниязбеков ауылдарындағы мәдениет үйлері мен Тастөбе ауылындағы спорт кешенінің құрылысы аяқталады деп жоспарланған.

Білім мен медицина саласына көңіл бөлінуде

Ауданда төрт білім беру нысаны салынып жатыр. Оның екеуі биыл пайдалануға берілді. Қалған екі мектеп 2026 жылы ел игілігіне ұсынылады.

2024-2025 жылдары екі мектеп газға қосылып, бірқатар білім ошақтарында жылу жүйелері жаңартылды. Сонымен бірге психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті күрделі жөндеуден өтті.

Денсаулық сақтау саласында соңғы жылдары бірнеше дәрігерлік амбулатория мен медициналық пункт пайдалануға берілген. Биыл Қаратау ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды.

Орталық аудандық аурухананы жаңғыртуға арналған жобалық-сметалық құжаттама дайын болғанымен, әзірге қаржыландыру мәселесі шешілмеген.

Спорт пен мәдениет дамып келеді

Соңғы жылдары бірнеше ауылда спорт кешендері бой көтерді. Нәтижесінде аудан тұрғындарының спорт нысандарымен қамтылу деңгейі 67,3 пайызға жетті.

Жыл басынан бері аудан спортшылары түрлі деңгейдегі жарыстарда 177 медаль жеңіп алған.

Мәдениет саласында Қызылқайнар ауылында 180 орындық мәдениет үйі, Аса ауылында орталық кітапхана мен архив пайдалануға берілді.

Жастар саясаты және қауіпсіздік

Аудандағы жастар саны 17 493 адамды құрайды. Жастарды жұмыспен қамту бағытында түрлі бағдарламалар іске асырылып, мыңнан астам жас белсенді шараларға тартылған.

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 25 елді мекеннің кіреберіс және шығаберіс тұстарына бейнебақылау камералары орнатылған. Сонымен қатар бірнеше ауылда полиция бекеттері мен дабыл жүйелері іске қосылды.

2026 жылы қосымша бейнебақылау камералары мен хабарландыру жүйелерін орнату жоспарланған.

Жамбыл ауданында жүзеге асырылып жатқан жобалар өңірдің экономикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған. Ауданда өндіріс, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым және әлеуметтік сала қатар дамып келеді.

Admin

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты