Контентке өту

Жамбыл облысында агроөнеркәсіп кешенінің шикізаттық базасы кеңейіп келеді

Жамбыл облысында агроөнеркәсіп кешенінің шикізаттық базасы кеңейіп келеді

Жамбыл облысында ауыл шаруашылығы саласын дамытуда тек өнім көлемін арттыруға ғана емес, оны қайта өңдеу кәсіпорындарын жергілікті шикізатпен қамтамасыз етуге де басымдық берілуде. Осы мақсатта биыл бірқатар дақылдардың егіс көлемі ұлғайтылды.

Соның бірі – дәндік жүгері. 2026 жылы оның алқабы 7,4 мың гектарға артып, жалпы көлемі 25,6 мың гектарға жеткізілді. Маусым қорытындысында 179,2 мың тонна жүгері жинау жоспарланып отыр.

Жүгері өндірісінің ұлғаюына өңірдегі ірі инвестициялық жобаның іске асуы да әсер етуде. Биыл жүгеріні терең өңдеуге бағытталған қытайлық Fufeng Group компаниясының өндірістік кешенінің бірінші кезеңін іске қосу жоспарланған. Кәсіпорынның алғашқы кезеңінде жылына 500 мың тонна жүгеріні өңдеу көзделсе, жобаның жалпы құны 800 млрд теңгені құрайды.

Қант қызылшасы өндірісінде де оң өзгеріс бар. Биыл бұл дақылдың егіс көлемі 3,3 мың гектарға ұлғайып, 9,9 мың гектарға жетті. Нәтижесінде 450 мың тонна қант қызылшасын жинау жоспарланып отыр.

Жиналған өнімді өңдеу үшін облыстағы екі қант зауыты жұмыс істейді. Тараз қант зауыты 25 жылдан кейін қайта жаңғыртылып, биылғы маусымнан бастап 200 мың тонна қант қызылшасын өңдеуді жоспарлап отыр. Ал Меркі қант зауыты тұрақты режимде жұмыс істеп, 250 мың тоннаға дейін өнім қабылдай алады.

Аграрлық сектордың тұрақты жұмыс істеуі үшін қаржылық және материалдық қолдау шаралары да жүзеге асырылуда. Биыл «Кең дала-2» бағдарламасы арқылы 306 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге 9 млрд теңге несие берілді. Салыстырмалы түрде, 2025 жылы бұл бағытта 4,9 млрд теңге көлемінде қаржы берілген болатын.

Сонымен қатар шаруаларды қажетті ресурстармен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілді. Биыл егістік алқаптарға 109,7 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізу жоспарланып, оның 105 мың тоннасы шаруалар тарапынан сатып алынды. Бұл жоспардың 96 пайызының орындалғанын көрсетеді.

Күзгі дала жұмыстарына 8,3 мың тонна дизель отыны бөлінді. Қазіргі таңда оның 4,3 мың тоннасы өңірге жеткізіліп, 3,7 мың тоннасы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге таратылды.

Егін жинау науқанына 10 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылған. Оның ішінде 490 астық жинайтын комбайн, 5,4 мың трактор және 4 мыңға жуық басқа да ауыл шаруашылығы техникасы бар.

Осы жұмыстардың барлығы Жамбыл облысында ауыл шаруашылығы өндірісін ұлғайтып қана қоймай, «егістік – өндіріс – қайта өңдеу» қағидаты негізінде өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін қалыптастыруға бағытталған.

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты