Жамбыл облысында халықты табиғи газбен қамту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Бүгінде өңірдегі 357 елді мекеннің 284-і, яғни 1,116 млн тұрғын табиғи газ игілігін пайдаланып отыр. Бұл облыс халқының 91,8 пайызына тең.
Газдандыру деңгейін арттыру мақсатында өткен жылы 19,1 млрд теңгеге 14 жоба жүзеге асырылып, 10 елді мекендегі 5 мыңға жуық тұрғын көгілдір отынға қол жеткізді. Нәтижесінде Жамбыл және Жуалы аудандары толық газдандырылып, Талас ауданындағы көрсеткіш 94,1 пайызға жетті.
Биыл да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып отыр. Республикалық бюджеттен Мойынқұм ауданындағы үш елді мекенге жеткізуші газ құбырын салу жобасын аяқтауға 4,5 млрд теңге бөлінді. Жалпы құны 18,5 млрд теңгені құрайтын жоба аясында 70 шақырым газ құбыры тартылды.
Сонымен қатар, Сарысу және Шу аудандарындағы елді мекендерді газбен қамтуға бағытталған жобалар жүзеге асуда. «Еврохим» автоматты газ тарату станциясының құрылысы аяқталу сатысында. Нысан іске қосылғаннан кейін «Еврохим-Қаратау» кешеніне газ беріліп, Сарысу ауданындағы 13 елді мекен мен Жаңатас қаласының орталық қазандығын газға қосуға мүмкіндік туады.
Шу ауданындағы автоматты газ тарату станциясының құрылысы да басталды. Бұл жоба Шу ауданындағы 18 және Мойынқұм ауданындағы 24 елді мекенді кезең-кезеңімен табиғи газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жыл соңына дейін облыста газдандыру саласына 8,5 млрд теңге бағытталып, Арыстанды, Үшбас және Бүркітбаев ауылдарындағы 5 мыңға жуық тұрғынды көгілдір отынмен қамту жоспарланған. Осы жұмыстардың нәтижесінде өңірдегі газдандыру деңгейі халық саны бойынша 92,2 пайызға дейін көтеріледі.
Осылайша, Жамбыл облысында газдандыру ауқымы жыл сайын кеңейіп, шалғай елді мекендерге де табиғи газ жеткізуге басымдық берілуде.