Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте өңірдегі урбанистиканы дамыту мәселелері жан-жақты қаралды, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Жиында облыс әкімдігі сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Әлібек Аманбай облыста атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндама жасады.
Облыста Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру мақсатында «Сәулеттік бюро» мекемесі қайта ұйымдастырылып, оның негізінде «Жамбыл Бас Жоспары» зерттеу-жобалау дамыту институты құрылды. Нәтижесінде мекеменің штат саны ұлғайтылып, урбанистика, көгалдандыру, жобаларды талдау және сәулеттік тұжырымдамаларды әзірлеу бағыттары күшейтілді.
Институт қызметінің негізгі міндеттерінің бірі – жобаларды құрылыс басталғанға дейін жан-жақты талдап, сапасын арттыру. Осы мақсатта мемлекеттік бюджет есебінен әзірленетін жобалар, әлеуметтік нысандар, саябақтар мен абаттандыру жобалары институттың міндетті қарауынан өткізілетін болады.
Сондай-ақ, басқарма басшысы Тараз қаласының брендбугін әзірлеу жұмыстарымен таныстырды. Брендбук қаланың сәулеттік келбетін қалыптастыруға, тарихи мұрасын сақтауға және қоғамдық кеңістіктердің сапасын арттыруға бағытталған. Сонымен қатар қоғамдық көлік, аялдамалар, шағын сәулет нысандары, жарықтандыру жүйелері мен сыртқы жарнама элементтеріне бірыңғай дизайн талаптарын енгізу ұсынылды.
Облыс әкімі қала аумағында заңсыз және ретсіз орналастырылған жарнама конструкцияларының әлі де кездесетінін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай нысандар қаланың сәулеттік келбетіне кері әсерін тигізіп жатқанын айтып, жауаптыларға аталған мәселені заң талаптарына сәйкес жедел түрде шешіп, қала аумағындағы жарнама құралдарын ретке келтіруді тапсырды.
Сонымен қатар Ербол Қарашөкеев қала аумағын абаттандыру және санитарлық тазалық мәселелеріне де тоқталды. Ол құрылыс жұмыстарын жүргізу барысында жасыл желектерді сақтау талаптарының қатаң орындалуы қажет екенін атап өтті.
Мердігер ұйымдардың ағаштарды заңсыз кесуіне жол бермеу, жасыл қорды қорғау және құрылыс нысандарының қала экологиясына әсерін бақылау бойынша жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар жүктеді.
Ал цифрландыру бағытында «e-Jambyl» платформасы әзірленуде. Жаңа жүйе жобалау-сметалық құжаттамаларды онлайн режимде қарауға, келісуге және олардың сапасын бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жобалардың құнын талдайтын және артық шығындарды анықтайтын «AQIQAT» ақпараттық жүйесін енгізу жұмыстары жүргізілуде.
Жиында облыс аумағында «қызыл сызық» талаптарын бұзған 152 құрылыс нысаны анықталғаны айтылды. Оның ішінде 113 нысан Тараз қаласында, 11 нысан Қордай ауданында, 7 нысан Т. Рысқұлов ауданында және 6 нысан Талас ауданында орналасқан.
Осыған байланысты аймақ басшысы Тараз қаласы мен аталған аудандардың әкімдері жүргізіліп жатқан жұмыстар бойынша жауаптар алды.
Кеңес қорытындысы бойынша облыс әкімі жауапты басқармалар мен аудан әкімдеріне урбанистиканы дамыту, сәулеттік келбетті жақсарту, көгалдандыру жұмыстарын күшейту, цифрлық жүйелердің тиімділігін арттыру және анықталған заңбұзушылықтарды жою бойынша нақты тапсырмалар берді.