Су тапшылығы жағдайында Жамбыл облысында су ресурстарын тиімді пайдалану басты бағыттардың біріне айналып отыр. Осы мақсатта су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. 2025 жылы 66,5 мың гектар алқапқа енгізілген бұл технологиялар 2026 жылы 76,6 мың гектарға дейін ұлғайтылмақ, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Бұл бағытқа 11,7 млрд теңге бөлініп, жаңа 10 мың гектардан астам алқап қамтылады. Алдағы жылдары су үнемдеу технологияларын 137 мың гектарға жеткізу жоспарланып отыр. Нәтижесінде жыл сайын 234 млн м³ су үнемделеді.
Сонымен қатар өңірде 76 каналға жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы ұзындығы 430,3 шақырым болатын бұл каналдар 51,4 мың гектар суармалы алқапты қамтиды. Әсіресе Шу ауданындағы 45 канал мен Байзақ ауданындағы 18 каналдың маңызы зор.
Бұдан бөлек, жерасты суын пайдалану арқылы 43,2 мың гектар алқапта пилоттық жобалар іске асырылмақ. Бұл трансшекаралық су көздеріне тәуелділікті 43%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.