Облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының бастамасымен ұйымдастырылған «Жамбыл Жабаев бүгін “Instagram”-да не туралы жазар еді?» атты ерекше байқау көпшілікке тың форматтағы мәдени тәжірибе ұсынды. Бұл жоба дәстүрлі рухани мұраны заманауи цифрлық кеңістікпен ұштастыра отырып, көрерменге жаңа қырынан ой салды, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған 2026 жылдың «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп белгіленуі – ел дамуының жаңа кезеңге өткенін көрсетеді. Осы бастамамен үндескен шара уақыт пен кеңістікті байланыстырып, технология мен ұлттық құндылықтардың үйлесімін айқын көрсетті.
Байқауға жетекші білім беру ұйымдары мен мәдени мекемелерден 30-ға жуық жұмыс ұсынылды. Қатысушылардың еңбектері мазмұндық тереңдігі, ұлттық нақыштың көрінісі, эмоциялық және зияткерлік әсері, техникалық сапасы мен жаңашылдығы бойынша сараланды.
Іс-шара тек байқаумен шектелмей, мазмұнды көрмелер мен таныстырылымдармен толықты. «Жыр алыбы – Жамбылым» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, робототехника саласындағы жетістіктер көрсетілді. Сонымен қатар ақынның «Таңдамалы» жинағы Брайль қарпінде таныстырылып, ерекше маңызға ие болды. Келушілерге байқаудың үздік бейнероликтері ұсынылып, жасанды интеллектінің даму кезеңдері туралы ақпарат берілді.
Кештің ең әсерлі сәттерінің бірі – Жамбыл Жабаев пен Құлмамбет айтысының заманауи форматта сахналануы болды. Бұл көрініс өткен мен бүгінді жалғап, дәстүрдің жаңа технологиямен үйлесе алатынын айқын көрсетті.
Қазылар алқасының шешімімен бірінші орын «ALEM» кәсіби білім беру колледжінің кітапханашысы Гүлсім Жақсымбетова еншісіне бұйырды. Екінші орынды дарынды балаларға арналған мамандандырылған ІТ-лицей интернатының оқушысы Едіге Бейсен иеленді. Ал үшінші орын Жамбыл аудандық зағип және көзі әлсіз көретін азаматтар бөлімінің кітапханашысы Айгерім Үркумбаева қанжығасына байланды.
Сондай-ақ «Үздік визуал», «Юмор», «Әдеби сын», «Ой ұшқырлығы» номинациялары бойынша үздік деп танылған қатысушылар арнайы марапаттарға ие болды.
Бұл байқау ұлттық әдеби мұраны жаңаша форматта танытудың тиімді жолын көрсетіп қана қоймай, цифрлық дәуірде мәдениеттің жаңа тыныс алатынын дәлелдеді.