Контентке өту

Жамбылда «Тәртіп – тазалықтан басталады» атты экологиялық акция өтті

Жамбылда «Тәртіп – тазалықтан басталады» атты экологиялық акция өтті

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы мен «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында бүгін Жамбыл облысындағы «Тектұрмас» этно-тарихи кешенінде «Тәртіп – тазалықтан басталады» атты экологиялық акция ұйымдастырылды, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Іс-шараның негізгі мақсаты – жастар арасында тазалық мәдениетін қалыптастыру, қоғамдық тәртіп пен экологиялық жауапкершілікті насихаттау және қоршаған ортаны қорғауға деген жанашырлықты арттыру.

Акцияға облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов, аудандық және қалалық жастар ресурстық орталықтарының басшылары мен мамандары, сондай-ақ белсенді волонтер жастар қатысты. Қатысушылар белгіленген аумақтарда тазалық жұмыстарын жүргізіп, қоқыстарды жинап, жасыл аймақтарды ретке келтірді.

Тарих – кез келген адам, ұлт пен қоғам үшін аса қастерлі ұғым. Жамбыл өңірінде өткеннің ізі сақталған қасиетті орындар аз емес. Солардың бірі – «Тектұрмас» тарихи-этно-мәдени кешені. Сондықтан мұндай тарихи нысандарды дамыту, келушілер мен туристер үшін қолайлы жағдай жасау – маңызды міндеттердің бірі.

Өйткені жүйелі атқарылған жұмыстар арқылы еліміздің бай тарихы мен мәдени мұрасын әлемге танытуға мүмкіндік туады. Туристер санының артуы өңірдің ғана емес, тұтас елдің дамуына оң ықпал етеді.

Бұл бағыттағы маңызды міндеттердің бірі – жастарды тазалыққа, ұқыптылыққа және қоғамдық жауапкершілікке баулу. Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» акциясы осы мақсаттарды жүзеге асыруға зор үлес қосып келеді.

Бүгінде өңірде 45 мыңға жуық адам акция аясында белсенді еңбек етуде. Осы уақытқа дейін 3 мың шақырымға жуық жол тазартылып, 5,8 мың тоннаға жуық күл-қоқыс шығарылды. Сонымен қатар 50 мыңға жуық көшет отырғызылып, жасыл желекті көбейту жұмыстары жүргізілді.

«Таза Қазақстан» акциясы тек көшелер мен қоғамдық орындарды тазалаумен ғана шектелмейді. Оның мәні әлдеқайда терең. Бұл – сана мен жан тазалығын қалыптастыратын, азаматтық жауапкершілікті арттыратын маңызды бастама. Өйткені ойы таза, мәдениеті жоғары қоғам әрқашан дамуға, өркениетке ұмтылады.

Жастардың бойында тазалық мәдениеті мен қоршаған ортаға деген жанашырлық берік қалыптасса, бұл – еліміздің жарқын болашағының кепілі. Сондықтан да қоғамды біріктіретін осындай игі бастамалардың маңызы ерекше. Тазалықты сақтау – әр азаматтың ортақ міндеті, ал тәртіп – тазалықтан басталатынын әрдайым есте ұстауымыз қажет.

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты