Жамбыл облысында 11 су қоймасы салынбақ
Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте вегетациялық кезеңнің өту барысы, су қоймалары мен каналдардың бүгінгі жағдайы туралы талқыланды.
Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітеков күн тәртібіндегі мәселе туралы баяндама жасады. Ол су шаруашылығы жүйелерін қалпына келтірудің өңірлік жол картасы аясында облыс бойынша 257 су шаруашылығы нысанына қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарланғандығын жеткізді.— Біз көктемгі дала жұмыстары кезінде шаруалар мен «Қазсушар» мекемесінің су жеткізу бойынша арнайы келісімге отыру керектігін ескерткенбіз. Соған сәйкес, шаруалар да түсіністік танытып, егіс алқаптарына суды әр шамада қажет ететін дақылдардың түрін есеппен отырғызуы керек еді. Қазір судың жетіспеушілігін айтып шағымданған шаруалар жоқ емес. Демек, бұл ретте «Қазсушар» мекемесі мен аудан әкімдіктерінің үйлестіру жұмыстары өз деңгейінде орындалмаған, дей келе Нұржан Нұржігітов жауаптылардың сылбыр жұмысына тиісті баға берілетінін баса айтты.Сондай—ақ, кеңестің күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша орындаушылық тәртіп қаралды. Облыс әкімі аппараты өңірлік бақылау және ұйымдастыру-инспекторлық жұмысы бөлімінің бас инспекторы Жарқын Әбдіжапар мен облыс әкімінің кеңесшісі баяндама жасап, аймақ басшысының аудандардағы жұмыс сапары барысында берген тапсырмаларының орындалу деңгейі қаралды.
— Біз Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес былтырдан бері аудан, ауылдардағы тұрғындармен кездесудеміз. Аудандағы іссапарлар мен кездесулердегі, жеке қабылдаудағы азаматтардың өтініштері мен көтерген мәселелерін заң аясында нәтижелі шешуге тиіспіз. Дегенмен, ол мәселелер қаншалықты шешілуде, сапасы ойдағыдай ма? Біз енді осы сұрақтарға жауап ретінде, тұрақты түрде талдап, тапсырмалардың орындалуын бақылап отырамыз. Әр басшы ай сайын кемінде бір азаматтың мәселесін шешуі керек деген міндет те назардан тыс қалмауы керек,-деп түйіндеді Нұржан Нұржігітов.Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі