Тараз қаласында 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай қазақ вальсінің королі, композитор Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығына арналған «Әуенге арналған ғұмыр» атты мерекелік концерт өтті, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Шара аға буын өкілдеріне құрмет көрсету, олардың ел дамуына қосқан еңбегін дәріптеу және қарттардың белсенді өмір салтын қолдауға бағытталды.
Мерекелік кештің шымылдығы Шәмші Қалдаяқовтың танымал әндерінен құралған музыкалық попурримен ашылды. Кеш барысында көрермендерге композитордың өмірі мен шығармашылығына арналған арнайы бейнеролик көрсетілді.
Шарада сөз алғандар қазыналы қарттардың қоғамдағы орнына тоқталып, үлкенді сыйлау – қазақ халқының ежелден келе жатқан ұлттық құндылығы екенін атап өтті.
Жамбыл өңірінде аға буын өкілдерінің белсенді әрі мазмұнды өмір сүруіне жағдай жасау бағытында «Белсенді ұзақ өмір» орталығы да жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Орталықта қарттар мен зейнеткерлерге сауықтыру, шығармашылық, білім беру және әлеуметтік бағыттар бойынша түрлі қызметтер көрсетіледі.
Шәмші әндері – ұрпаққа ортақ мұра
Концерттің негізгі бөлігі қазақ музыкасының біртуар тұлғасы Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығына арналды.
Кеш барысында композитордың *«Теріскей», «Ақ сұңқарым», «Ақ маңдайлым», «Қуаныш вальсі», «Мойынқұмда», «Ол – жалғыз, біз – екеуіміз», «Тамды аруы», «Шынарым», «Бақыттымын құрбылар», «Сыған серенадасы»* секілді танымал әндері орындалды.
Сонымен қатар сахнада түрлі би ұжымдары мен вокалды-аспаптық ансамбльдер өнер көрсетіп, көрермендерге мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Концертке қатысқан өнерпаздардың қатарында «Ғұмыр-Дария» ұлттық аспаптар ансамблі, «Интрига» би тобы, «Алтын белес», «Золотой возраст», «Бастау» топтары, «Ғибрат» вокалды-аспаптық ансамблі, «Квартет», «Сері ағалар» және басқа да өнер ұжымдары болды.
Кеш барысында Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығы жайлы естеліктер айтылып, композитор әндерінің бірнеше буынға ортақ рухани мұра екені атап өтілді.
Сондай-ақ концертте өнер көрсеткен аға буын өкілдерінің бірі – мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әнші Нүрсипат Салықова көрерменге өз өнерін ұсынып, арнайы лебізін білдірді.
Мерекелік кештің соңында сахнаға концертке қатысқан өнерпаздардың барлығы шығып, Қалдыбек Құрманалиевтің «Ән – Аға» әнін бірге орындады.
Шара соңында ұйымдастырушылар барша ардагерлер мен қазыналы қарияларға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасылық амандық тілеп, Қарттар күнімен құттықтады.
«Ардақты аталар мен аяулы әжелерге деген құрмет – ұрпақ тәрбиесі мен ұлттық құндылықтың көрінісі. Қариясы бар елдің қазынасы бар» деген ізгі тілекпен мерекелік концерт өз мәресіне жетті.