1 қазан – Қарттар күніне орай Тараз қаласы әкімінің орынбасары Гүлдана Жауынбекова отандық кардиохирургия саласына елеулі үлес қосқан белгілі дәрігер, ғалым Сейтхан Джошыбайұлының шаңырағына арнайы барып, мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Кездесу барысында қала әкімінің орынбасары Сейтхан Джошыбайұлына зор құрметін білдіріп, оның медицина саласындағы ұзақ жылғы еңбегін атап өтті.
Сейтхан Джошыбайұлы – отандық кардиохирургияның дамуына өзіндік үлес қосқан көрнекті ғалым, білікті кардиохирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор, академик. Оның кәсіби жолы мен ғылыми еңбектері медицина саласында еңбек етіп жүрген кейінгі буынға үлгі болып келеді.
Гүлдана Жауынбекова ардагер дәрігерге арнайы құттықтауын жеткізіп, мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасылық амандық және бақ-береке тіледі.
«Сіз – отандық кардиохирургия саласына өлшеусіз үлес қосқан, медицина ғылымының дамуына ғұмырын арнаған көрнекті ғалымсыз. Сіздің кәсіби жолыңыз бен ғылыми еңбегіңіз – кейінгі ұрпаққа өнеге, ал адам өміріне деген жауапкершілігіңіз бен адалдығыңыз үлкен құрметке лайық», – делінген құттықтауда.
Қазақ қоғамында үлкенді сыйлау мен қарияны құрметтеу – ежелден қалыптасқан ұлттық құндылық. Осы ретте Сейтхан Джошыбайұлының ел медицинасына сіңірген еңбегі мен кейінгі ұрпаққа беріп келе жатқан тәжірибесі ерекше аталды.
Кездесу соңында қала әкімінің орынбасары белгілі кардиохирургке еңбегінің жемісін көріп, шәкірттерінің жетістігіне қуанып, ел алғысына бөлене беруіне тілектестік білдірді.
Қарттар күні – аға буынның еңбегін бағалап, олардың өмірлік тәжірибесі мен өнегесіне құрмет көрсететін айтулы күн.