Марат Құлибайұлының шығармашылығына арналған әдеби кеш өтті
- author BAQ-Orda
- 18 ақпан, 2025
- 31

Осы жоба аясында Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, облыстық «AQ JOL» газетінің жауапты хатшысы, балалар жазушысы Марат Құлибайұлының 50 жылдық мерейтойына арналған «Балалар жүрегіне жол тартқан» әдеби вернисаж кеші өтті, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Шараға жазушының әріптестері, достары, оқырмандары мен өңірдің зиялы қауым өкілдері жиналды.
Балалар әдебиетіне қалам тербеп жүрген қаламгер үшін бүлдіршіндердің танымын кеңейтіп, өнегелі шығармалар ұсыну – үлкен жауапкершілік. Осы бағыттағы еңбектерін дәріптеу мақсатында кеш дарынды балаларға арналған «Дарын» лицей-интернатында ұйымдастырылды.
Балалар тақырыбы – менің жүрегіме жақын жанр. Жас буынның жан-дүниесін зерттеп, олар туралы жазу маған ерекше шабыт береді. Анам кітапханашы болғандықтан, кішкентай кезімнен кітап оқуға мүмкіндігім мол болды. Қазақ және әлем әдебиетіне қанығып, шығармалардан нәр алып өстім. Алғашқы туындым республикалық «Балдырған» журналында жарық көргенде сезінген қуанышым әлі есімде. Балалар әдебиеті – ерекше зейін мен шынайылықты талап ететін сала. Сондықтан бұл бағыттағы еңбегімді бағалап, арнайы кеш ұйымдастырған кітапхана ұжымына алғысым зор, – деді жазушы.
Кеш барысында лицей оқушылары жазушының портретінен пазл-мозайка құрастырып, тосынсый жасады. Сонымен қатар, жас өрендер мерейтой иесіне арнап арнау өлеңдерін оқып, кеш қонақтарының көңілін көтерді. №66 мектеп оқушылары жазушының «Жеті ата» шығармасынан көрініс қойса, «Жуалы» халық театрының актерлары мен №5 мектеп оқушылары «Жұман ата аманаты» әңгімесін сахналады.
Кешке қатысқан қазақ журналистикасының қайраткері Ақылжан Мамыт, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Баймаханбет Ахмет, облыстық мәслихат депутаты, журналист Оралхан Дәуіт, айтыскер ақын Есет Досалы жазушыға ақжарма тілектерін арнады.
Балалар әдебиеті – үлкен жауапкершілікті талап ететін жанр. Оқырманның жүрегіне жол тауып, олардың санасына көркем әдебиет арқылы тәрбие беру – кез келген қаламгердің қолынан келе бермейді. «Қолғанат», «Апамның аялы алақаны», «Қасқа тай» сияқты шығармалары арқылы Марат Құлибайұлы балалар әдебиетінің биік шыңына ұмтылып келеді. Шығармашылығы өрлей берсін, – деді ақын Үміт Битенова.
Өңірдің ақпарат саласына елеулі үлес қосып, облыстық басылымда жемісті еңбек етіп келе жатқан қаламгердің алдағы уақытта да жас ұрпаққа берері мол.
Танымал блогер өзіне қатысты мәлімдеме жасады
Ұқсас жаңалықтар
Нұрсұлтан Жақсыген бұрынғы жарына жазған хаты желіні шулатты
- авторBAQ-Orda
- 26 ақпан, 2025
"Әлі 5 бала туамын!" Сабина Алтынбекова аналық бақыт туралы айтты
- авторBAQ-Orda
- 26 ақпан, 2025