Өнеркәсіп өнімінің көлемі 32,9 миллиард теңгеге жетіп, индекс 122,6 пайызды құрады. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 31,7 миллиард теңге болды, бұл жоспардың 74,1 пайызын құрайды. Құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп, олардың жалпы көлемі 41,8 миллиард теңгеге жетті, өсім – 166,2 пайыз. Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 46,9 мың шаршы метр болып, жоспар 104,2 пайызға орындалды.
Сауда саласында да өсім бар. Бөлшек сауда айналымы 34,9 миллиард теңгеге жетіп, индексі 108,6 пайызды, ал көтерме сауда айналымы 17,2 миллиард теңге болып, 142,9 пайызды құрады. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 48,2 миллиард теңгеге тең, жоспар толық орындалған. Бюджеттік қаражаттардың игерілуі 94,2 пайыз деңгейінде.
Аудан тұрғындарының өмір сапасын жақсарту мақсатында әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар саласында маңызды жобалар жүзеге асырылды. Қордай ауылында 144 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Үлкен Сұлутөр ауылында дәрігерлік амбулатория мен 90 орындық мәдениет үйі ашылды. Қайнар ауылында 3 800 гектар суармалы жерді қамтамасыз ететін қысымды су құбыры іске қосылды. Сонымен қатар, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Қаракемер және Қарасу ауылдарында жаңа мектептер оқушыларға есігін айқара ашты.
Инженерлік-коммуналдық инфрақұрылым саласында да ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде ауданның 41 елді мекенінің 37-сі, яғни 90,2 пайызы табиғи газбен қамтылған. 2025 жылы Керу ауылына газ желісі тартылып, тұрғын үйлер қосылды. Ал Бел, Мұзбел, Аңырақай және Бәйтерек ауылдарында газдандыру жобалары дайындалып жатыр. Сонымен қатар, сапалы ауыз сумен қамту бойынша 8,6 миллиард теңгеге 10 елді мекенде су жүйелері құрылысы аяқталды. Тағы үш елді мекенде құрылыс жұмыстары жалғасуда, ал 10 ауыл бойынша жобалық құжаттар әзірленіп отыр.
Жер қатынастары саласында игерілмеген жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жалғасып келеді. Жоспарланған 11 мың гектардың 4 313 гектары қайтарылып, тағы 12 552 гектар жер бойынша құжаттар инспекцияға жолданған.
«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында ауылдық елді мекендердің әлеуетін арттыру бағытында бірқатар нысандар бой көтеруде. Қақпатас ауылында мәдениет үйі салынуда, Үлкен Сұлутөр ауылында заманауи спорт кешені салынып жатыр, ал Сортөбе ауылында бір ауысымда 200 адамға қызмет көрсететін жаңа емхана іске қосылды.
Жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту бағытында да оң өзгерістер бар. 2025 жылдың 1 тамызына дейін аудан бойынша ресми тіркелген жұмыссыздар саны 1 799 адамды құрады. Жыл басынан бері жұмыспен қамту орталығына 6 056 азамат жүгінген, олардың 3 456-сы әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылған. 1 773 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды, ал 288 азамат әртүрлі кәсіби оқыту бағдарламаларына қатысқан. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 329 тұрғын кәсіпкерлік негіздеріне оқытылып, 90 адам өз ісін ашу үшін қайтарымсыз грант алды.
Аудан экономикасына серпін берген маңызды бастамалардың бірі – «Ауыл аманаты» жобасы. Бұл бағдарлама аясында 3,3 миллиард теңгеге 6 315 бас ірі қара, 11 845 бас қой және 386 бас жылқы сатып алынды. Сондай-ақ 7 өндірістік кооперативке 27 техника мен құрал-жабдық беріліп, 61 жоба жалпы 441,6 миллион теңгеге қаржыландырылды. Жоба ауыл тұрғындарының табысын арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берді.
Аудан әкімі Б.Болатбеков өз баяндамасында Қордайдың әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрақты қарқынмен жалғасып келе жатқанын атап өтті. Халықтың әл-ауқатын көтеру, инфрақұрылымды жаңарту және ауыл шаруашылығын дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Әкімнің айтуынша, Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған міндеттерді жүзеге асыруда қордайлықтар бірлесе еңбек етіп, өңірдің өркендеуіне өз үлестерін қоса бермек.
Ұқсас жаңалықтар
Ақордада Финляндия президентін салтанатты қарсы алу рәсімі өтті
- авторAdmin
- 28 қазан, 2025
Жуалы ауданындағы барлық елді мекен 100 пайыз ауызсумен қамтылды
- авторAdmin
- 28 қазан, 2025


