Әлеуметтік желіде интим видеолары тарап кеткен асаба мен оның жұбайына қатысты дау жаңа деңгейге шықты. Бұған дейін жұп халықтан көмек сұрап, видеоны таратпауға шақырған еді. Алайда арада көп өтпей, желіде бұл оқиғаға қатысты жаңа «дәлелдер» жариялана бастады, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Атап айтқанда, Threads желісіндегі қолданушылардың бірі бірнеше жазба жариялап, жағдайдың екінші қырын көрсетуге тырысқан. Жазбаларда асабаға тиесілі делінген парақшадан түрлі қыздарға жазылған хаттар мен диалогтардың скриншоттары тарады.
Сонымен қатар, кейбір жазбаларда бұл жағдай әдейі жасалған «хайп» болуы мүмкін деген пікір айтылған. Автордың сөзінше, жұп өздерінің стористерінде қаралым статистикасын жиі бөлісіп, аудитория жинауға тырысқан.
«Бұлар өздері таратып отыр. Қаралым жинап, кейін соның есебінен жарнама алғысы келеді», – деген мазмұндағы пікірлер желіде кеңінен тарады.
Тағы бір жазбада асабаның түрлі қыздарға жеке хат жазғаны айтылып, бұл әрекет сынға ұшыраған. Скриншоттарда «номер бер», «WhatsApp-қа шық» секілді хабарламалар көрсетілген.
Бұл жағдайға қатысты желі қолданушыларының пікірі қақ жарылды. Бір тарап жұпты қолдап, олардың жеке өміріне қол сұқпау керектігін айтса, екінші тарап керісінше, бәрі алдын ала жоспарланған әрекет болуы мүмкін деген күмән келтіруде.
Сондай-ақ, кей жазбаларда отбасының жеке өмірі мен балаларына әсері де қозғалды. Қолданушылардың бір бөлігі мұндай жағдайдың отбасы мүшелеріне, әсіресе балаларға психологиялық соққы болуы мүмкін екенін атап өтті.
Осылайша, бастапқыда «көмек сұраған» оқиға енді қоғамда үлкен пікірталасқа айналып, «шындық қайсы?» деген сұрақты күн тәртібіне шығарды.
Қазіргі таңда бұл жағдайға қатысты нақты ресми қорытынды жоқ. Ал желідегі ақпараттың рас-өтірігі әлі де тексеруді қажет етеді.