Жаңа адамдар қозғалысы Тараз қаласында «Уақыт бітті» азаматтық науқаны аясында дүкендердегі мерзімі өткен өнімдерді анықтау бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Белсенділер алдымен қала тұрғындары арасында сауалнама өткізіп, қай сауда орындарында жарамдылық мерзімі өтіп кеткен тауарлар жиі кездесетінін анықтаған. Нәтижесінде тұрғындар ең көп атап өткен нүкте — Нурила оптомаркеті болды. Қала тұрғындарының айтуынша, дәл осы жерде мерзімі өткен өнімдер жиі сатылатын көрінеді.
Жиналған мәліметтер негізінде белсенділер Самал ықшамауданы, 44А мекенжайындағы аталған дүкен филиалына тексеріс жүргізді. Нәтижесінде үш арбаға толатын, 20-дан астам мерзімі өткен өнім анықталған. Кейбір тауарлар жеңілдік сөрелерінде тұрған.
Дүкен әкімшілігімен болған әңгіме барысында бұл өнімдерді сол жерде жоюға ниет жоқ екені белгілі болды. Сонымен қатар, әкімшілік өкілдері диалогты жалғастырудан бас тартқан.
Осыдан кейін белсенділер «Охотники за просрочкой» форматына көшіп, анықталған өнімдерді өздері жоюға кіріскен. Нәтижесінде шамамен 15 келіге жуық мерзімі өткен тауар айналымнан шығарылды.
Қозғалыс өкілі Аружан Жасұланқызы бұл мәселе тек бір дүкенмен шектелмейтінін атап өтті. Оның айтуынша, бақылау әлсіз және немқұрайлылық қалыпты жағдайға айналған жерлерде мұндай жағдайлар жиі кездеседі.
«Тұтынушылар белсенді болып, өз құқықтарын талап еткен жағдайда ғана жағдай өзгереді», – деді ол.