Мемлекет басшысы бұл әрекетті тікелей қылмыс деп атап, оның ұлттық құндылықтарға да, адам құқықтарына да қайшы екенін айтты.
«Қыз алып қашу – адам ұрлау деген сөз. Бұл – ұлтымыздың беделіне нұқсан келтіретін өрескел жабайы қылмыс. Мұндай қатыгездікке ешқашан жол беруге болмайды. Жыл өткен сайын халықтың сана-сезімі өсіп, қоғамда азаматтық жауапкершілік артып келеді. Заңнамалық өзгерістер де соған сай болуы өте маңызды. Заң мен тәртіп – бәріне ортақ», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдағы құқықтық мәдениетті арттыру, әйелдер мен қыздардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, дәстүр мен мәдениет деген желеумен жасалатын заңсыз әрекеттерге ешқандай кешірім болмауы тиіс.
Президент сондай-ақ заңнаманы жетілдіру арқылы мұндай қылмыстардың алдын алу, жауапкершілікті күшейту және құқық қорғау органдарының жұмысын жүйелі түрде жетілдіру қажеттігін жеткізді.
Ұлттық құрылтайдың V отырысында әлеуметтік әділеттілік, құқықтық тәртіп, қоғамдағы қауіпсіздік пен адам құқығын қорғау мәселелері негізгі тақырыптардың бірі ретінде қарастырылды.


