БАҚ Орда ақпараттық порталы. Қазақстан жаңалықтары

Байланыс

  • info@yoursite.com
  • 844-698-6394
  • Тараз қаласы, Ы.Сүлейменов көшесі №5, Шерхан Мұртаза атындағы баспасөз үйі

Мемлекет басшысы: Қаржылық мониторинг агенттігі экономикалық қауіпсіздікті нығайтуда шешуші рөл атқарады

Мемлекет басшысы: Қаржылық мониторинг агенттігі экономикалық қауіпсіздікті нығайтуда шешуші рөл атқарады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінде өткен жиында ведомство қызметінің маңызын атап өтіп, агенттік қызметкерлеріне мемлекет тарапынан қолдау күшейіп жатқанын айтты.

Президенттің сөзінше, соңғы жылдары агенттіктің кадрлық құрамы нығайып, материалдық-техникалық базасы жақсарған. Сонымен қатар жалақы көтеріліп, баспана мәселесі шешілген.

– Мемлекет Агенттік қызметкерлерінің тиімді әрі алаңсыз жұмыс істеуі үшін қажетті жағдай жасап жатыр. Кадрлық құрам ұлғайды, әлеуметтік мәселелер оң шешімін тапты. Агенттік жүйесіне үш генерал шенін қосуға да болады деп ойлаймын. Бұл өңірлерде қызмет етіп жүрген үздік мамандардың мәртебесін көтереді. Енді тек білек сыбана еңбек ету керек, – деді Президент.

Халықаралық ынтымақтастық пен жаңа құрылымдар

Қасым-Жомарт Тоқаев агенттіктің нақты жетістіктеріне тоқталды. Оның айтуынша, халықаралық серіктестік нығайып келеді. Қазақстан Financial Action Task Force ұйымының тексерісінен сәтті өтіп, 2023 жылдан бері «Эгмонт» тобының қаржылық барлау бірлестігінде Еуразия аймағының мүддесін қорғап отыр.

Сонымен қатар 20 ірі криптобиржамен әріптестік орнатылып, елімізде блокчейн-талдаумен айналысатын «Криптон» арнайы бөлімшесі ашылған. Бұл — Орталық Азияда алғаш құрылған құрылым.

Президенттің мәліметінше, өткен жылы қаржыны қолма-қол ақшаға айналдыратын 200-ге жуық жалған компания анықталып, заңсыз айналымдағы қаражат көлемі 500 млрд теңгеден асқан. Сондай-ақ 80-нен астам қылмыстық топ құрықталып, 100-ден аса қаржы пирамидасы жойылған.

– Мұның бәрі еліміздің экономикалық қауіпсіздігін нығайта түсті, – деді Мемлекет басшысы.

Жасанды интеллект және алдын алу шаралары

Президент агенттікке жасанды интеллект мүмкіндігін пайдаланып, талдау-сараптау жұмысын күшейтуді тапсырды. Ол жақында қол қойған «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» заңға сәйкес агенттік алғаш рет экономикалық қылмыстың алдын алумен айналысатын толыққанды құрылым ретінде белгіленгенін айтты.

– Қылмыстың салдарын емес, себебін анықтап, алдын алу маңызды. Залалды өтеу деңгейі әлі де төмен. Сондықтан цифрлық талдау тәсілдерін дамыту қажет. Агенттік жүйесіндегі ақпараттық жүйе үлкен деректерді талдауға мүмкіндік береді, бұл бюджет қаржысын үнемдеуге жол ашады, – деді Тоқаев.

Әлеуметтік салаға ерекше назар

Президент әлеуметтік салада қаржылық тәртіпті күшейту қажеттігін атап өтті. Әсіресе білім беру мен денсаулық сақтау салалары қоғам назарында болатын маңызды бағыттар екенін ескертті.

– Мақсат – бәрін жаппай тексеру емес, ел экономикасына қауіп төндіретін тәуекелдерді дер кезінде анықтап, нақты шара қабылдау. Шектен шығуға болмайды. Цифрлық тәсілдер қажет, бірақ тек жасанды интеллектке емес, өз ақыл-ойларыңызға да сеніңіздер, – деді Мемлекет басшысы.

Сөз соңында Президент агенттік қызметкерлерінің басты міндеті – экономикалық қауіп-қатердің алдын алып, мемлекеттің қаржысының халық игілігіне жұмсалуын қамтамасыз ету екенін тағы да атап өтті.

BAQ-Orda
Автор

BAQ-Orda

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Ұқсас жаңалықтар