Қазақстанның халық әртісі, танымал әнші Макпал Жүнісова 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай Алматы қаласында өткен мерекелік концертінде тыңдармандарына күтпеген жаңалығын айтты, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Өнер иесі сахнада сөз сөйлеп, жуырда ауыр хәлге түсіп, жансақтау бөлімінде ем қабылдағанын жеткізді. Оның айтуынша, шамамен бір ай бұрын инфаркт алып, өмірі үшін күрделі кезеңді бастан өткерген.
Әнші бұл жағдайды үлкен сынақ ретінде қабылдағанын айтып, бүгінде жағдайының жақсарғанына шүкіршілік етті. Сонымен қатар ол туыстарының қатты алаңдағанын да жасырмады.
«Жансақтау бөліміне түстім. Инфаркт деген дерт бар екен, біз де сонымен бетпе-бет келдік. Құдайға шүкір, аман қалдық. Жақындарым жылады, бірақ мен оларға сабыр сақтауды айттым. Өмірден қаншама жақсы адамдар өтіп жатыр. Егер кетсем, кетермін, бұл – өмірдің заңы», – деді әнші сахнада.
Айта кетейік, бұған дейін Макпал Жүнісова әлеуметтік желідегі парақшасында белгісіз адамдардан қорқыту сипатындағы хаттар алғанын мәлімдеген еді.