2026 жылғы 18 наурызда қазақстандықтар үшін жағымды жаңалық тарады. Биыл жазда, нақтырақ айтқанда 18 шілдеде Алматы қаласында алғаш рет әйгілі пуэрто-рикалық әнші Рики Мартин концерт береді, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Айта кетейік, бұған дейін де ел тұрғындары тағы бір ірі концерттің өтетінін естіген еді. 3 және 5 қыркүйекте Алматы мен Астана қалаларында танымал әнші Энрике Иглесиас өнер көрсетпек.
Екі бірдей әлемдік деңгейдегі жұлдыздың қысқа уақыт аралығында Қазақстанға келуі жанкүйерлер арасында үлкен қызығушылық тудырды. Әлеуметтік желілерде қолданушылар бұл жаңалықты қызу талқылап, әзіл-шыны аралас пікірлер қалдыруда.
Көпшілік концерттердің жиілеп кеткенін айтып, қалжыңға басқан:
— «Ұйымдастырушылар, толық тізімді бірден айтыңыздар, бюджетімізді жоспарлайық»
— «Биыл бәріміз ақшасыз қалатын сияқтымыз»
— «Энрикеден енді ғана ес жиып едік, енді Рики келіп жатыр»
— «Жұлдыздардың арасында үзіліс жасаңдаршы, ақша үлгермей жатыр»
— «Кредит картам бұл жаңалықты көтере алмай жатыр»
Сонымен қатар, кейбір тұрғындар концерттердің неге көбіне Алматыда өтетінін айтып, Астанада да жиі ұйымдастыруды сұраған.
Жалпы, 2026 жыл Қазақстан үшін концерттік маусымға бай жыл болайын деп тұр. Әлемдік сахна жұлдыздарының келуі елдегі шоу-бизнес нарығының дамып келе жатқанын көрсетеді.
Еске салсақ, бұған дейін америкалық актриса Джессика Честейн қазақстандық рэпер Alikhat Tanatarov (hatikoali) әнін пайдаланып видео жариялап, желіде қызу талқыға түскен болатын.