Әлемге танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайберген БҰҰ-ның Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымының жаһандық ізгі ниет елшісі ретінде Бангладешке ресми сапармен барды. Бұл туралы Dimashnews хабарлады
Гуманитарлық миссияның басты мақсаты - мәжбүрлі қоныс аударған адамдардың жағдайымен танысу және әлем назарын гуманитарлық дағдарысқа аудару.
17 мамырда басталған сапар аясында әнші Кокс-Базар өңіріндегі босқындар лагеріне барды. Аталған аймақ әлемдегі ең ірі босқындар шоғырланған орындардың бірі саналады. Қазіргі таңда мұнда жүздеген мың адам тұрақты гуманитарлық көмекке мұқтаж.
Бүгінде БҰҰ-ның Халықаралық көші-қон ұйымы мен жергілікті серіктестері лагерь тұрғындарын уақытша баспанамен, медициналық қызметпен, білім беру бағдарламаларымен және психологиялық қолдаумен қамтамасыз етіп келеді.
Сонымен қатар өңірдегі климаттық жағдай да гуманитарлық ахуалды күрделендіріп отыр. Маусымдық су тасқындары, нөсер жауындар мен жойқын циклондар босқындардың өміріне қауіп төндіріп, көмек жеткізу жұмыстарын қиындатуда.
Димаш Құдайбергеннің бұл сапары халықаралық қауымдастықтың назарын босқындар мәселесіне қайта аударуға бағытталған маңызды гуманитарлық қадам ретінде бағалануда.