Венгрия астанасы Будапешт қаласында өткен халықаралық EU Half Marathon 21.1 km жарысына Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті студенттері Рысбай Райымбек пен Бейсен Алдияр қатысып, 21,1 шақырымдық қашықтықты сәтті жүгіріп өтті, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Аталған додаға әлемнің әр елінен келген әуесқой және кәсіби жүгірушілер қатысып, спорттық төзімділік пен салауатты өмір салтын насихаттады. Қазақстандық студенттердің халықаралық жарыста бақ сынауы – жастардың тек білім саласында ғана емес, спортта да белсенді екенін көрсетеді.
Қазіргі таңда университеттің 44 студенті Венгриядағы Обуда университеті базасында академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында білім алып жатыр. Бағдарлама студенттерге халықаралық тәжірибе жинақтауға, шетелдік білім беру жүйесімен танысуға және кәсіби біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Шетелде білім алып жүрген жастар оқу үдерісімен қатар мәдени, ғылыми және спорттық іс-шараларға да белсенді қатысып келеді. EU Half Marathon жарысына қатысу – соның бір дәлелі.
Университет басшылығы академиялық ұтқырлық бағдарламасының студенттердің жан-жақты дамуына ықпал ететінін атап өтуде. Бүгінде оқу орны халықаралық серіктестікті кеңейтіп, жастарға әлемдік деңгейдегі білім мен тәжірибе алуға жағдай жасап келеді.
Айта кетейік, Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті бүгінде Венгрия, Швеция, Қытай секілді елдердің жетекші жоғары оқу орындарымен тығыз халықаралық байланыс орнатқан. Атап айтқанда, Венгриядағы Обуда университеті және Корвинус университеті, Швециядағы Лунд университеті, сондай-ақ Қытайдағы North China University of Water Resources and Electric Power оқу орындарымен бірлескен білім беру және ғылыми жобаларды жүзеге асыруда. Университет халықаралық академиялық ұтқырлық, қос диплом бағдарламалары мен ғылыми ынтымақтастық бағытындағы жұмыстарын кезең-кезеңімен дамытып келеді.