Контентке өту

Жамбыл облысында су саласын дамытуға жаңа серпін: ҚазҰСШИУ халықаралық оқу-зерттеу орталығын құру туралы келісімге қол қойды

Жамбыл облысында су саласын дамытуға жаңа серпін: ҚазҰСШИУ халықаралық оқу-зерттеу орталығын құру туралы келісімге қол қойды
Университет баспасөз қызметі

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың су қауіпсіздігін нығайту, су дипломатиясын дамыту және халықаралық ғылыми-білім беру ынтымақтастығын кеңейту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында Кабул қаласында маңызды халықаралық келісімге қол жеткізілді. Бұл бастама Жамбыл облысы үшін де ерекше маңызға ие. Себебі өңірде су шаруашылығы саласына мамандар даярлайтын Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің Жамбыл облысы филиалы жұмыс істейді және су ресурстарын тиімді пайдалану бағытындағы жобаларды жүзеге асыруға белсенді қатысып келеді, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті және Кабул университеті Қазақстан-Ауғанстан су ресурстары, ирригация, тұрақты ауыл шаруашылығы және су дипломатиясы жөніндегі оқу-зерттеу орталығын құру туралы Ниеттер хаттамасына қол қойды, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Аталған бастама Қазақстанның Орталық Азиядағы су қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ғылыми дипломатияны дамыту және адами капиталды нығайту бағытындағы стратегиялық мақсаттарымен үндеседі. Жаңа орталық су ресурстарын тиімді басқару, ирригация жүйелерін жетілдіру, тұрақты ауыл шаруашылығын дамыту және өңірлік сарапшылық ынтымақтастықты күшейту бағытындағы бірлескен жұмыстардың маңызды алаңына айналмақ. Бұл бағыттағы жұмыстар Жамбыл облысы үшін де өзекті, өйткені өңірде суармалы егіншілік көлемі жылдан-жылға артып келеді.

Бүгінде су мәселесі тек табиғи ресурс қана емес, мемлекеттердің тұрақты дамуы мен өңірлік қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін стратегиялық факторға айналып отыр. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстанның ғылым мен білім арқылы халықаралық серіктестікті дамытуға бағытталған бастамалары ерекше маңызға ие. Жамбыл облысында да су үнемдеу технологияларын енгізу, ирригациялық жүйелерді жаңғырту және салаға білікті мамандар даярлау мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып саналады.

Жобаны іске асыруда Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі маңызды рөл атқарады. Министрлік жоғары білімді интернационалдандыру, қазақстандық университеттердің халықаралық беделін арттыру және отандық ғылымның жаһандық ғылыми кеңістікке ықпалдасуын қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан мұндай бастамалар Қазақстанның өңірлік академиялық және ғылыми хаб ретіндегі мәртебесін нығайтып, халықаралық әріптестіктің жаңа мүмкіндіктерін қалыптастыруда.

Жобаның негізгі бастамашыларының бірі – еліміздегі су саласы үшін кадр даярлайтын жетекші жоғары оқу орны – Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті. Университеттің Жамбыл облысы филиалы да өңірдің су шаруашылығы саласы үшін білікті мамандар даярлау, өндіріс пен ғылымның байланысын нығайту және су ресурстарын тиімді басқару бойынша тәжірибелік жобаларды жүзеге асыру бағытында жұмыс жүргізуде.

Университеттің халықаралық бастамаларын жүзеге асыруда ҚазҰСШИУ Басқарма төрағасы – Ректор, PhD докторы Кәмшат Маратқызы Түсіпованың еңбегі зор. Оның жетекшілігімен университет халықаралық серіктестік географиясын кеңейтіп, әлемнің жетекші жоғары оқу орындарымен және ғылыми ұйымдарымен ынтымақтастықты нығайтты. Нәтижесінде ҚазҰСШИУ су ресурстары, ирригация және су қауіпсіздігі салаларындағы өңірлік ғылыми-білім беру орталығы ретінде өз позициясын айтарлықтай күшейтті.

Қол жеткізілген келісімдерге сәйкес, болашақ орталықтың қызметі су ресурстарын басқару, ирригация және мелиорация, гидротехникалық құрылыс, тұрақты ауыл шаруашылығы, геоақпараттық жүйелер, Жерді қашықтықтан зондтау технологиялары, су нысандарын цифрлық мониторингтеу, ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану және су дипломатиясы саласындағы құзыреттерді дамыту сияқты кең ауқымды бағыттарды қамтиды.

Орталықтың басты мақсаты – екі елдің ғылыми және білім беру әлеуетін біріктіру арқылы заманауи сын-қатерлерге жауап бере алатын жоғары білікті мамандарды даярлау, бірлескен зерттеулер жүргізу және су ресурстарын тиімді басқару саласындағы инновациялық шешімдерді дамыту.

Жобаның алғашқы кезеңінде қысқа мерзімді білім беру бағдарламаларын ұйымдастыру, сараптамалық кездесулер өткізу, бірлескен зерттеулер жүргізу және салалық мамандардың біліктілігін арттыру жоспарланып отыр. Алдағы уақытта тараптар академиялық ұтқырлық бағдарламаларын дамытуға, бірлескен зертханалар құруға, бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейлеріндегі білім беру бағдарламаларын әзірлеуге, сондай-ақ халықаралық ғылыми жобаларды іске асыруға ниетті.

Қазақстан-Ауғанстан оқу-зерттеу орталығын құру екі мемлекет арасындағы ғылыми-білім беру байланыстарын жаңа деңгейге көтеріп қана қоймай, Орталық Азиядағы су қауіпсіздігі мәселелері бойынша тұрақты сарапшылық диалог қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл бастаманың нәтижелері Жамбыл облысында су шаруашылығы саласын дамытуға, заманауи технологияларды енгізуге және өңірдегі мамандардың кәсіби әлеуетін арттыруға да оң ықпал етеді.

Қол қойылған Ниеттер хаттамасы Қазақстанның ғылым, білім және су дипломатиясы бағытындағы халықаралық бастамаларды жүйелі түрде жүзеге асырып отырғанын және Жамбыл облысында су саласын дамытуға бағытталған жұмыстардың жаңа деңгейге көтерілуіне жол ашатынын көрсетті.

 

Admin

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты