Жаңаөзенде дәрігерге жасалған шабуыл өліммен аяқталды
Маңғыстау облысында қайғылы оқиға тіркелді. Жаңаөзен қаласындағы ауруханада 29 жастағы терапевт дәрігер пышақ жарақатынан көз жұмды.
Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сәйкес, шабуыл 28 қаңтар күні шамамен сағат 14:00-де болған. Белгісіз ер адам медицина қызметкеріне қол салып, пышақ жарақатын салған.
Алдын ала мәлімет бойынша, оқиғаның дәрігердің кәсіби қызметіне немесе ауруханадағы жұмысына қатысы жоқ.
Маңғыстау облыстық Полиция департаменті адам өлтіру дерегін растады. Құқық қорғау органдарының хабарлауынша, күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Полицияның алдын ала болжамынша, жанжал ер адамдар арасында отбасылық-тұрмыстық сипатта болған. Шабуылдан кейін күдікті өз еркімен Жаңаөзен қалалық полиция басқармасына барып, кінәсін мойындаған.
Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 1-бөлігі («Адам өлтіру») бойынша қылмыстық іс қозғалып, қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты анықтауға бағытталған тергеу жұмыстары жүргізілуде.