4,5 млрд теңге залал келтірді деген күдік: OrdaMed басқарма төрағасына іздеу жарияланды
“OrdaMed” АҚ басқарма төрағасы Еркін Длімбетовке ресми түрде іздеу жарияланды. Бұл ақпарат Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталында жарияланған.
Порталдағы мәліметке сәйкес, Еркін Длімбетовке қатысты іздестіру ісі 28 қаңтар күні Астана қаласында тіркелген. Іздеу салған орган – Ұлттық қауіпсіздік комитеті, ал тергеу жұмыстарын ҰҚК-нің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі жүргізіп жатыр.
Тергеу нұсқасына сәйкес, “OrdaMed” АҚ басшылығы Қазақстан аумағында өз өндірісі бар деген жалған құжаттарды пайдаланған. Осы арқылы халықтың денсаулығын қамтамасыз ету үшін аса қажет саналатын 28 медициналық жабдықты мемлекеттік емдеу мекемелеріне жеңілдетілген шарттармен жеткізу бойынша заңсыз артықшылықтарға қол жеткізген.
Алайда іс жүзінде аталған жабдықтар Қазақстанда өндірілмей, дайын күйінде шетелден әкелінгені анықталған.
Осы әрекеттердің салдарынан мемлекетке 4,5 миллиард теңге көлемінде залал келтірілген.
Ресми хабарламада айтылғандай, жүргізілген тінту барысында компания басшылығынан құны 1 миллиард теңгеден асатын инвестициялық монеталар тәркіленген. Сонымен қатар Interdentica, Erkin Brand және OrdaMed компанияларындағы қатысу үлестеріне тыйым салынған.
Сот санкциясымен “OrdaMed” АҚ-ның техникалық директоры, бұрынғы басқарма төрағасы және өндірістік басқарма басшысы қамауға алынған.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жалғасуда. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етілмейді.