Бүгін елімізде Мемлекеттік рәміздер күні аталып өтуде. Бұл мереке – Тәуелсіз Қазақстанның басты құндылықтарын ұлықтап, ұлттық бірегейлігімізді айшықтайтын ерекше күн, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Мемлекеттік рәміздер – еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігінің, халқымыздың бірлігі мен тұтастығының символы. Қазақстан Республикасының Туы, Елтаңбасы және Әнұраны әрбір азамат үшін қастерлі құндылық саналады.
Көк Туымыз – бейбітшілік пен азаттықтың белгісі. Алтын күн мен қыран бейнесі жарқын болашаққа ұмтылған елдің асқақ мұратын білдіреді. Елтаңба – ортақ шаңырақ астында біріккен халқымыздың ынтымағы мен бірлігінің көрінісі. Ал Әнұран – елге деген сүйіспеншілік пен патриоттық рухты асқақтататын қасиетті мұра.
Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – әрбір қазақстандықтың азаматтық борышы. Олар тәуелсіздігіміздің тұғыры, елдігіміздің айғағы және ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын ұлттық құндылықтарымыздың ажырамас бөлігі.
Осы айтулы мерекеде барша қазақстандықтарды Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтаймыз! Еліміздің көк байрағы әрдайым биікте желбіреп, Қазақстанның мерейі үстем, абыройы асқақ бола берсін!