Контентке өту

Сахнадағы 90 жыл: Асқар Тоқпанов театры жаңа белестерге бет алды

Сахнадағы 90 жыл: Асқар Тоқпанов театры жаңа белестерге бет алды

Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық академиялық қазақ драма театрының 90-шы маусымы шығармашылық жаңалықтар мен ауқымды мәдени жобаларға толы болды. Өнер ордасы облыстық және қалалық айтулы мерекелерге арналған мәдени іс-шараларды өткізіп, сахна өнерін насихаттау, ұлттық және рухани құндылықтарды дәріптеу бағытында бірқатар жұмыстар атқарды.

Театр репертуары көрермен сұранысына сай жаңартылып, қоғам үшін өзекті мәселелерді қозғайтын, заманауи және эксперименттік бағыттағы қойылымдармен толықты.

90 жылдан астам тарихы бар театр кезекті 90-шы маусымын ақын Мұқағали Мақатаевтың «Қош, махаббат» спектаклінің премьерасымен ашты. Қойылымның қоюшы режиссері – Қарағанды қаласынан келген Айдын Салбан, қоюшы-суретшісі – Айгерім Амангелді.

Сондай-ақ Мұхтар Әуезовтің «Қараш-қараш» повесінің желісімен «Бақтығұл» драмасы сахналанды. Қойылымды Қырғызстаннан келген режиссер Шамиль Дыйканбаев қойса, қоюшы-суретші міндетін ҚР Мәдениет саласының үздігі Рахат Сапаралиев атқарды.

Театр ұжымы кәсіби шеберлікті арттыруға да ерекше көңіл бөлді. Артистердің актерлік қабілетін шыңдау, вокал, сахна тілі мен хореография бағыттарында арнайы шеберлік сағаттары ұйымдастырылды. Оларға Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Ғалымжан Берекешов, театр актері әрі режиссер Ерлан Кәрібай, хореограф Вадим Дубовик және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Дариха Тұранқұлова шақырылды.

Театрдың 90 жылдығы мен Қазақстанның халық артисі Асқар Тоқпановтың 110 жылдығына орай республикалық театр фестивалі де ұйымдастырылды. Фестиваль аясында «Тоқпанов – феномен!» атты дөңгелек үстел өткізіліп, театртанушы, өнертану кандидаты, профессор Нұрпейіс Бақыт Кәкиқызы Асқар Тоқпановтың өмірі мен шығармашылық жолы туралы тағылымды ақпараттарымен бөлісті.

Айтулы мерейтой театр тарихындағы тағы бір маңызды оқиғамен есте қалды. ҚР Үкіметінің 2025 жылғы 2 желтоқсандағы №1032 қаулысымен театрға «Академиялық театр» мәртебесі берілді.

90-шы маусымда жоспардан тыс шығармашылық жобалар да жүзеге асты. Қаңтар айында жазушы-драматург Сұлтанәлі Балғабаевтың «Ғашықсыз ғасыр» драмасы сахналанды. Қоюшы режиссері – ҚР Мәдениет саласының үздігі, театр актері Кенен Ақүрпеков.

Сонымен қатар «Сөз бен саздың тоғысуы» және «Махаббат алаңы» атты жаңа форматтағы поэтикалық кештер көрермен назарына ұсынылды.

Театр репертуарын жаңа туындылармен толықтыру жұмыстары да жалғасты. 17 сәуірде жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың «Сұлтан Бейбарыс» тарихи драмасы сахналанды. Қойылымның режиссері – Гауһар Адай, қоюшы-суретшісі – ҚР Мәдениет саласының үздігі Гүлдана Алина.

Шығармашылық ұжым гастрольдік сапарларға да шықты. 20-21 сәуір күндері Қызылорда қаласындағы Нартай Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрында, 22-23 сәуірде Түркістан қаласындағы Райымбек Сейітметов атындағы сазды-драма театрында Жамбыл театрының бірқатар спектакльдері көрерменге ұсынылды.

90-шы маусымның тағы бір маңызды оқиғасы – халықаралық деңгейдегі «Тұңғышбай әл-Тарази Таразға шақырады» атты актерлер фестивалінің өткізілуі. Мамыр айының 27-29 аралығында ұйымдастырылған фестиваль аясында театр ұжымы Уильям Шекспирдің «Макбет» шығармасын сахнаға шығарды.

Маусым қорытындысы бойынша театр сахнасында барлығы 217 спектакль қойылып, қойылымдарды 39 609 көрермен тамашалады. Оның ішінде қайырымдылық шаралары аясында 51 спектакль көрсетіліп, 18 255 көрермен тегін қамтылды.

Осылайша, театрдың 90-шы маусымы жаңа қойылымдар, шығармашылық ізденістер, кәсіби шеберлік сабақтары мен халықаралық мәдени байланыстарды арттыруға бағытталған жобаларға толы болды.

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты