Контентке өту

Асқар Тоқпанов театры жаңа маусымды жаңа есімдер мен жаңа қойылымдармен бастады

Асқар Тоқпанов театры жаңа маусымды жаңа есімдер мен жаңа қойылымдармен бастады

Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық академиялық қазақ драма театры 91-ші маусымын жаңа шығармашылық жоспарлармен бастады. 18 қыркүйекте театрдың жаңа маусымының ашылуы арнайы мерекелік бағдарламамен басталып, көрермен назарына Рахымжан Отарбаевтың «Сұлтан Бейбарыс» тарихи драмасы ұсынылды.

Жаңа маусым театр репертуарын заманауи әрі қоғам үшін маңызды тақырыптармен толықтыруға бағытталып отыр. Соның бір дәлелі – 29 қыркүйекте жас актер Азамат Тұраровтың «Аман. Сенімдер сөнгенде» атты психологиялық драмасының премьерасы.

Қойылымда қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі – лудомания, яғни құмар ойынға тәуелділік тақырыбы қозғалады. Спектакль жасөспірімдердің оңай олжаға қызығушылығы қандай өкінішті жағдайларға әкелуі мүмкін екенін көрсетіп, көрерменді әлеуметтік мәселе төңірегінде ойлануға жетелейді.

Қойылымның режиссері – Аягөз Абдраманова, қоюшы-суретшісі – Аружан Адырбек.

91-ші маусымда театр ұжымы жаңа шығармашылық жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Театрдың жас режиссері Талғат Тәжіков жазушы-драматург Алишер Рахаттың «Туған күніңізбен, анашым» драмасын сахналауға дайындық жүргізуде.

Сонымен қатар театр ұжымы республикалық және халықаралық театр фестивальдеріне қатысуды жалғастырады. 12-16 қазан аралығында Атырау қаласында өтетін Рахымжан Отарбаев атындағы III халықаралық театр фестиваліне театр «Құсалық» спектаклімен қатысады.

Ал 13-17 қазан күндері Қарағанды қаласында өтетін Әшірбек Сығай атындағы «Сын шын болсын...» III республикалық театр фестивалінде Уильям Шекспирдің «Макбет» қойылымы ұсынылады.

91-ші маусымның ерекшеліктерінің бірі – театр ұжымының жас мамандармен толығуы. Актерлік труппаға 12 жас актер қосылса, шығармашылық құрамға 2 суретші мен 2 режиссер, сондай-ақ труппа меңгерушісі мен режиссер көмекшісі қабылданды.

Жас буынның театрдың тәжірибелі мамандарымен бірлесіп жұмыс істеуі шығармашылық сабақтастықтың қалыптасуына жол ашып отыр. Бұл өз кезегінде жаңа қойылымдар мен тың жобалардың дүниеге келуіне мүмкіндік береді.

Бүгінде театр заманауи режиссураны, жаңа сценографиялық шешімдерді және эксперименттік бағыттарды дамытуға басымдық беріп келеді. Осы мақсатта Қазақстанның өзге өңірлерімен қатар Өзбекстан, Беларусь, Қырғызстан және басқа да елдерден режиссерлер мен шығармашылық мамандарды шақыру жоспарлануда.

Өнер ордасы алдағы уақытта да ұлттық театр өнерін дамыту, көрерменнің мәдени талғамын қалыптастыру және қоғамдағы өзекті мәселелерді сахна тілі арқылы жеткізу бағытындағы жұмыстарын жалғастырады.

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты