Контентке өту

Мемлекет басшысы мұғалімдерді кәсіби мерекесімен құттықтады

Мемлекет басшысы мұғалімдерді кәсіби мерекесімен құттықтады
ашық дерек

Ақордада Ұстаздар күніне орай салтанатты іс-шара өтті. Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев педагогтерді кәсіби мерекесімен құттықтап, мұғалім еңбегінің қоғамдағы маңызына тоқталды, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Президенттің айтуынша, Ұстаздар күні бүгінде бүкіл қоғамды біріктіретін, жалпыұлттық сипатқа ие қастерлі мерекеге айналды.

«Ұстаз – әр адамның өмірінен ерекше орын алатын тұлға. Бұған ешкімнің де таласы жоқ деп ойлаймын, бұл – бәрімізге ортақ пікір», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы ұстазды ұлықтау өркениетті қоғамның маңызды қасиеттерінің бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ Абайдың адам болмысын қалыптастырудағы жақсы ұстаздың рөлі туралы айтқанын, Мұхтар Әуезовтің «Ұстаз – ұлы есім» деп ұстаз еңбегін жоғары бағалағанын еске салды.

Президент қазіргі ақпараттық технологиялар қарқынды дамып жатқан кезеңде мұғалімнің қоғамдағы рөлі бұрынғыдан да арта түскенін айтты. Оның сөзінше, педагогтерге құрмет көрсету және олардың ұлт болашағы үшін атқарып жатқан еңбегіне алғыс білдіру – баршаға ортақ міндет.

Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздарды жан-жақты қолдау мемлекет саясатының маңызды бағыттарының бірі екенін жеткізді. Осы мақсатта «Педагог мәртебесі туралы» арнайы заң қабылданып, мемлекеттік марапаттар тізіміне «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы енгізілген.

Сонымен қатар бірқатар қазақстандық мұғалім жоғары мемлекеттік марапат – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болған. Ал 5 қазан елімізде педагогтердің кәсіби мерекесі ретінде ресми бекітілген.

Мемлекет басшысы ұстаздарды жалпыұлттық деңгейде ұлықтау дәстүрі алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.

«Бұл – мемлекетіміз үшін мән-маңызы айрықша міндет», – деді Президент.

Admin

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты