Контентке өту

Алакөл жағалауында «Алакөл толқыны» фестивалі өтті

Алакөл жағалауында «Алакөл толқыны» фестивалі өтті

Республикалық оқиғалар мен іс-шаралар күнтізбесіне Жетісу облысы тарапынан енгізілген «Алакөл толқыны» мәдени-туристік фестивалі Жетісу облысы, Алакөл ауданы, Ақши ауылындағы Алакөл көлінің жағалауында тиісті деңгейде ұйымдастырылып, өз мәресіне жетті.

«Алакөл толқыны» фестиваліне Қытай, Ресей, Беларусь, Өзбекстан және Қырғызстаннан келген шетелдік туристер мен қонақтар, сондай-ақ Қазақстанның әр облысынан келген демалушылар мен өңір тұрғындарын қоса алғанда, 5 мыңнан астам адам қатысты. 

Фестивальдің салтанатты ашылу рәсімі Алакөл өңірінің туристік әлеуетін, табиғи ерекшеліктері мен тарихи-мәдени құндылықтарын дәріптейтін арнайы бейнероликтің көрсетілімімен басталды.

Ресми бөлімде алғашқы құттықтау сөз Жетісу облысы әкімінің орынбасары Марлен Көлбаевқа беріліп, ол өңірде туризм саласын дамыту, туристік инфрақұрылымды жетілдіру және Алакөл жағалауын халықаралық деңгейдегі туристік бағыт ретінде дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты.

Одан кейін құттықтау сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаев Алакөл өңірінің еліміздің туризм саласындағы стратегиялық маңызын атап өтіп, мұндай мәдени-туристік жобалардың Қазақстанның туристік имиджін нығайтудағы рөліне тоқталды. Сондай-ақ фестивальдің ұйымдастырушыларына ризашылығын білдіріп, қатысушылар мен қонақтарға ізгі тілегін жеткізді.

Ресми бөлімнен кейін фестивальдің концерттік бағдарламасы басталып, Қазақстан эстрадасының танымал өнер жұлдыздары Turar (Тұрар), Ayree (Айрии) және Асель Мекебаева көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Танымал орындаушылардың сүйікті әндері Алакөл жағалауына жиналған мыңдаған көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, ерекше мерекелік атмосфера қалыптастырды.

Фестиваль аясында қонақтарға арналған ойын-сауық бағдарламасы да ұйымдастырылды. Атап айтқанда, ходулистердің әсерлі қойылымдары ұсынылып, тірі мүсіндер мен алып ойыншық кейіпкерлері өнер көрсетті. Олар фестиваль қонақтарымен жарқын жүздесіп, естелік суреттерге түсіп, әсіресе балаларға ерекше қуаныш сыйлады.

Сонымен қатар, көрермендердің қатысуымен интерактивті ойындар өткізіліп, белсенді қатысушыларға арнайы сыйлықтар табысталды. Фестиваль аумағында арнайы фотозона жұмыс істеп, келушілерге Алакөл жағалауындағы жарқын сәттерді естелікке айналдыруға мүмкіндік берілді.

Кештің барысында кәсіби DJ-дің қатысуымен заманауи музыкалық бағдарлама ұйымдастырылды. Әсерлі дыбыстық сүйемелдеу, фестивальдің сәнін келтіріп, ашық аспан астындағы түнгі би алаңында мыңдаған қонақтың басын қосты.

Фестивальдің шарықтау шегі ретінде Алакөл аспанын жарқырата көмкерген әсерлі мерекелік отшашу ұйымдастырылды. Түрлі түске боялған от шашулар көл жағалауына ерекше көрік беріп, фестивальдің жарқын қорытындысына айналды.

«Алакөл толқыны» фестивалінің басты мақсаты – Жетісу облысының туристік әлеуетін кеңінен таныту, Алакөлдің халықаралық туристік бағыт ретіндегі беделін арттыру, ішкі және келу туризмін дамыту, өңірдің мәдени өмірін жандандыру және қазақстандық әрі шетелдік туристерге жоғары деңгейдегі мәдени демалыс ұсыну болды.

Мәдениет пен туризмді тоғыстырған айтулы жоба ретінде өткен «Алакөл толқыны» фестивалі өңірдің туристік тартымдылығын арттыруға, Жетісу облысының оң имиджін қалыптастыруға және Алакөл жағалауын халықаралық деңгейдегі туристік орталық ретінде дәріптеуге өз үлесін қосты.

Облыстық туризм басқармасының мәліметі бойынша дайындалды.

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты