Ақмола облысы аумағында осыдан көп жыл бұрын болған аса ауыр қылмысқа қатысты сот үкімі жарияланды. Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот 61 жастағы ер адамды әйелді зорлап, өлтіргені үшін кінәлі деп таныды, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Іс материалдарына сәйкес, қайғылы оқиға 2002 жылы Ақкөл қаласында орын алған. Айыпталушы сол уақытта мас күйде болып, жолда кездескен 29 жастағы әйелге күш көрсеткен. Тергеу деректеріне қарағанда, ол жәбірленушіні қорқытып, оқшау жерге алып барып, зорлық-зомбылық жасаған.
Сот мәліметінше, қылмыскер әйелді аса қатыгездікпен ұрып-соғып, кейін қылмысын жасыру мақсатында өлтірген. Сараптама қорытындысы бойынша, жәбірленуші тұншығу салдарынан көз жұмған.
Айыпталушының кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, сараптамалар нәтижелерімен және басқа да дәлелдермен толық расталған. Сонымен қатар, оның бұрын да бірнеше рет сотталғаны және жасаған әрекетінің аса ауыр санатқа жататыны ескерілді.
Сот шешімімен ер адам 22 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұдан бөлек, оған жәбірленуші тарапқа 10 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеу міндеттелді. Сондай-ақ сотталған азаматқа мәжбүрлі түрде ем қабылдау шарасы да белгіленді.
Қазіргі уақытта үкім заңды күшіне енген жоқ.