Астана қаласы мәслихатының отырысында өнер өкілдерін есірткіге міндетті түрде тексеру мәселесі көтерілді. Бұл бастаманы журналист әрі депутат Ләйлә Сұлтанқызы ұсынды, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Депутаттың айтуынша, мұндай тәжірибе бірқатар зайырлы мемлекеттерде бұрыннан бар. Ол әсіресе жастарға үлгі болатын танымал тұлғалардың қоғам алдындағы жауапкершілігі жоғары болуы тиіс екенін атап өтті. Осыған байланысты белгілі өнер иелерін рұқсатсыз тексеру арқылы олардың тазалығын анықтау тәжірибесін Қазақстанда да енгізу қажеттігін айтты.
«Жалпы ұсыныс ретінде, зайырлы мемлекеттерде танымал тұлғаларды арнайы тексеруден өткізу тәжірибесі бар. Егер бізде де осындай тәсіл қолданылса, қоғаммен, ата-аналармен жұмыс күшейіп, нәтижесінде адамдар зиянды әдеттерден алшақтайды», – деді Ләйлә Сұлтанқызы.
Оның сөзінше, мұндай тәжірибе Түркияда кеңінен қолданылады. Яғни ел алдында жүрген өнер адамдары тұрақты медициналық тексеруден өтіп, қажет болған жағдайда олардың қан құрамына сараптама жасалады. Егер есірткі ізі анықталса, бұл ақпарат ашық жарияланады.
Депутат елімізде де қоғам назарында жүрген кейбір өнер иелеріне қатысты сын жиі айтылатынын алға тартып, осындай талап енгізу қажеттігін жеткізді.
Ал бұл бастамаға қатысты пікір білдірген әнші Асан Пердешов есірткіге қарсы екенін ашық айтты. Оның айтуынша, тек өнер адамдары ғана емес, жалпы халықты да тексеруге қарсы емес.
«Есірткіге 100 пайыз қарсы болумен қатар, тексерілуге де дайынмын. Бірақ бір мәселе бар – кейбір дәрілер немесе тағамдар қан құрамында ұқсас көрсеткіш беруі мүмкін. Сондықтан мұндай жағдайда асығыс қорытынды жасап, адамды қоғам алдында қаралау дұрыс емес», – деді ол.
Айта кетейік, бұл ұсыныс қоғамда қызу талқыланып, әртүрлі пікір туғызуда. Бір тарап мұны қолдаса, енді бірі жеке өмірге қол сұғу ретінде бағалап отыр.