Контентке өту

Еліміздің өңірлерінде су тасқынына қарсы іс-шаралары жалғасуда

Еліміздің өңірлерінде су тасқынына қарсы іс-шаралары жалғасуда

2026 жылғы 1 наурыздан бастап мүдделі мемлекеттік органдарды тарта отырып, ТЖМ су тасқынына қарсы жедел штабы жұмыс істейді. Гидрологиялық жағдайдың тәулік бойы мониторингі және іс-қимылдарды үйлестіру қамтамасыз етіледі, деп хабарлайды baq-orda.kz Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап. 

Барлық өңірлерде азаматтық қорғау қызметтері мен мүдделі ведомстволардың іс-қимылдарын үйлестіретін облыстық жедел су тасқынына қарсы штабтар жұмыс істеуде. Жалпы су тасқыны жағдайы тұрақты, су тасқынына қарсы іс-шаралары жалғасуда және бақылауда.

Су тасқыны жағдайының күрделенуіне жол бермеу мақсатында алдын алу және жедел шаралар кешені іске асырылуда. ТЖМ, жергілікті атқарушы органдар және басқа да қызметтердің күшімен 8 млн астам текше метр қар шығарылды, 698 мың текше метр еріген су сорылды, 41 мыңнан астам қап төселді және 3 мың тонна инертті материал пайдаланылды, 1 млн 800 мыңнан астам метр арықтар мен каналдар тазартылды, 6 мың уақытша бөген пен үйінді тұрғызылды.

Тоғыз өңірде 203 учаскеде жалпы ауданы 592 мыңнан  астам шаршы метр аумақта мұз жару жұмыстары жүргізілді, 29 мыңнан  астам метр мұз кесілді және 40 мың ойық бұрғыланды.

Барлығы су тасқынына қарсы жұмыстарға 147 адам, 364 бірлік техника, 30 мотопомпа және 1 жүзу құралы (ТЖМ, ЖАО, ІІМ және басқа ұйымдар) жұмылдырылды.

Жағдайды бағалау үшін тұрақты мониторинг жүргізілуде. Барлығы 36 әуеден барлау жүргізіліп, 250 су тасқыны қаупі бар елді мекен тексерілді. Аэровизуалды бақылау жұмыстары жалғасуда.

Сонымен қатар ТЖМ әскери бөлімдерінің 245 әскери қызметкері мен 18 бірлік техникасы су тасқынына қарсы жұмыстарға жұмылдырылды. Топтар мен құтқару батальондары Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарындағы су тасқыны қаупі бар учаскелерде шоғырланған.

Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау, Ақмола облыстарында 11 судың тасуы мен Ұлытау және Ақмола облыстарындағы 4 су шаю бақылауда.

Ақмола облысында алдын алу іс-шараларының айтарлықтай көлемі орындалды. Атап айтқанда облыстың 14 ауданындағы өзендерде мұз жару жұмыстары аяқталды. Жұмыстар 63 учаскені қамтып, жалпы ауданы 27,1 мың шаршы метрді құрады, бұл мұз кептелістерінің пайда болу қаупін азайтты. Елді мекендерді инженерлік қорғау шеңберінде 409 метр уақытша бөгендер мен үйінділер тұрғызылды. Қар шығару жұмыстары жалғасуда, 1 478 973 астам текше метр қар шығарылды. Су өткізу жүйелерінің өткізу қабілетін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылуда. 478 957 метр арықтар мен каналдар тазартылды. Осал учаскелерді нығайту үшін 6 822 қап төселді. Сонымен қатар облыс аумағына тұрақты түрде әуе барлау жүргізілуде. Бұл жұмыстар су тасқыны қаупі бар аймақтарды дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді. Штаб тәулік бойы жұмыс істеуде, күштер мен құралдар толық дайындықта.

Қарағанды облысында жағдай тұрақты, негізгі өзендердің мұздан аршу процесі жалғасуда. ТЖД мен ТЖМ әскери бөлімдерінің біріккен күштері Нұра, Қарқаралы және Осакаров аудандарында алдын алу жұмыстарын жүргізуде. Бұқар-Жырау ауданындағы Нұра өзенінде мұз кептелістерінің алдын алу үшін мұз ұсақтау жұмыстары жүргізілді. Жалпы Қарағанды облысындағы су тасқынына қарсы іс-шаралар жалғасуда және бақылауда.

Павлодар облысында, Екібастұз қаласы маңындағы Шиқылдақ ауылы жанында қардың белсенді еруі салдарынан жиналған суға байланысты елді мекенді су басудың алдын алу үшін кіреберіс жолдың бір бөлігін ашу туралы шешім қабылданды. Көлік қозғалысы балама бағыт арқылы жүзеге асырылуда, елді мекенге қауіп жоқ. Оқиға орнында кезекшілік ұйымдастырылып, жолды нығайту жұмыстары жүргізілді. Алдын алу мақсатында су сору және қар шығару жұмыстары жүргізілуде. Барлық су өткізу құбырлары ашық. 149,5 км аумақта қар қарайып, 6,5 км аумақта үйінді жасау жұмыстары жүргізілді. Материалдық-техникалық қор жасақталған: 63 мыңнан астам қап, 68 мың тонна инертті материал, 152 тоннадан астам жанар-жағармай қоры бар. Жағдай тұрақты бақылауда.

Батыс Қазақстан облысында су тасқыны кезеңіне дайындық және оның өту барысы тұрақты бақылауда. ТЖ алдын алу комитеті төрағасының орынбасары Әсет Жылқайдаров Орал қаласы мен Бәйтерек, Қаратөбе, Сырым, Теректі аудандарын аралап, жұмыстардың барысымен танысты. 2026 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық аясында бірқатар алдын алу шаралары қабылданды: 12 км қорғаныш бөгендері нығайтылды, 5 өзен арнасы тазартылды, 1 су қоймасы жөнделді, қосымша су өткізу құрылыстары орнатылды. Қабылданған шаралар тасқын суларды қауіпсіз өткізуге мүмкіндік береді. Облыс өзендеріндегі су деңгейі шекті көрсеткіштен асты, қазіргі уақытта трансшекаралық өзендерге мониторинг жүргізілуде.

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты