Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ХIV Қысқы Паралимпиада ойындарында жоғары спорттық жетістіктерге қол жеткізген отандастарымызды мемлекеттік наградалармен марапаттады, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Атап айтқанда, Италияда өткен дүбірлі додада ел намысын абыроймен қорғаған параспортшы Ербол Хамитов III дәрежелі «Барыс» орденіне ие болды. Бұл марапат – оның табандылығы мен қажырлы еңбегінің айқын нәтижесі.
Сонымен қатар, параспортты дамытуға үлес қосып жүрген бірқатар бапкерлер де назардан тыс қалған жоқ. Туризм және спорт министрлігіне қарасты Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының жаттықтырушылары Василий Коломиец пен Антон Жданович «Парасат» орденімен марапатталды.
Ал Солтүстік Қазақстан облысындағы «Үміт» мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорт клубының жаттықтырушысы Аслан Тоқбаев «Құрмет» орденіне ие болды.
Бұл марапаттар – елімізде паралимпиадалық спортты дамытуға, ерекше жандардың спорттағы жетістіктерін арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау спортшылар мен бапкерлерге жаңа белестерді бағындыруға серпін беретіні сөзсіз.