Әлеуметтік желіде өзін бірнеше ер адам зорлап, салдарынан жүкті болғанын мәлімдеген Наташа Қалымбетова Qasqa Jol YouTube арнасына сұхбат беріп, оқиғаның мән-жайын баяндады, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Оның айтуынша, бұл жағдайдан кейін 32 жыл өтсе де, сол күндердің ауыр естелігі әлі күнге дейін жанын мазалайды. Сондықтан ол басынан өткен жағдайды қоғаммен бөлісуді жөн көрген.
«32 жыл бұрын туған ауылымда мені аяусыз қорлап, зорлаған төрт жігіт туралы екі ай бұрын парақшама жаздым. Ішімде жатқан ауыр дертімді елге айтып, пікір алмасайын дедім. Мүмкін тәжірибелі психолог немесе мен секілді жағдайды бастан өткерген жандар кездесіп, ақыл-кеңесін берер деп ойладым», – деді ол.
Наташа Қалымбетова қазіргі таңда Таиландта тұратынын айтты. Оның сөзінше, көлік апатынан кейін күйзеліске түсіп, өткендегі ауыр оқиғалар қайта есіне түскен.
«Бір нәрсеге ренжіссем, 32 жыл бұрынғы жағдай ойыма оралады. Сол күні күйзеліспен жаздым, бірақ бірден жарияламадым. Кейін жариялағанымда, видео бір күннің ішінде миллион қаралым жинады», – дейді ол.
Сондай-ақ әйел адамның айтуынша, әлеуметтік желідегі жазбадан кейін құқық қорғау органдары өзімен байланысқа шыққан.
«Келесі күні Астанадан хабарласып, іс қозғалғанын және елге келуімді сұрады. Артынша Оралдан да қоңырау шалып, қашан келетінімді сұрады. Кейін Таиландтан бір айға рұқсат алып, Қазақстанға келдім. Оралға келе сала арыз жаздым», – деді Қалымбетова.
Ол осы уақытқа дейін мұндай ауыр жағдай тек өзінің басынан өткен деп ойлағанын, алайда оқиғасын жариялаған соң көптеген әйелдер өздерінің де осындай қиындықтарға тап болғанын айтып хабарласқанын жеткізді.
Айта кетейік, қазіргі уақытта аталған оқиғаға қатысты тиісті органдар тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.