Жамбыл облысының тұрғындары құқық бұзушылықтар туралы полицияға тек 102 нөмірі арқылы емес, мобильді қосымшалар арқылы да жиі хабарлай бастады, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Ішкі істер министрлігінің «Омниканалдылық» жобасы аясында жұмыс істейтін «Заң және Тәртіп» сервисі арқылы биылғы алты айда 692 өтініш түскен.
Олардың 395-і eGov Mobile қосымшасы арқылы жолданса, 255 хабарлама Kaspi.kz сервисінен келген. Сондай-ақ 30 өтініш 102, 12 хабарлама Halyk Bank мобильді қосымшасы арқылы қабылданған.
Келіп түскен хабарламалардың басым бөлігі құқық бұзушылықтар мен жол қозғалысы ережесін бұзу фактілеріне қатысты. Бұдан бөлек, балалардың қатысуымен болған оқиғалар, тұрмыстық зорлық-зомбылық және жол-көлік оқиғалары бойынша да өтініштер тіркелген.
Облыста жол қауіпсіздігін бақылауда «Сергек» жүйесі де жұмысын жалғастырып келеді. Жүйе жол ережесін бұзған көліктерді автоматты түрде анықтап қана қоймай, іздеуде жүрген автокөліктерді табуға және көлік ағынын бақылауға мүмкіндік береді.
Ал бейнебақылау камералары экологиялық құқық бұзушылықтарды анықтауға да пайдаланылып жатыр. «Таза Қазақстан» акциясы аясында қоғамдық орындарды ластау және қоқысты рұқсат етілмеген жерге төгуге қатысты 38 құқық бұзушылық анықталған. Нәтижесінде 24 адамға ескерту беріліп, 14 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Полицияның айтуынша, алдағы уақытта жасанды интеллект элементтерін енгізу, цифрлық сервистердің мүмкіндігін кеңейту және тұрғындардың өтініштеріне жедел әрекет ету жұмыстары одан әрі күшейтіледі.