Контентке өту

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау: көмір саласында қуаты шамамен 7,8 ГВт болатын инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау: көмір саласында қуаты шамамен 7,8 ГВт болатын инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында көмір энергетикасын дамыту және көмір генерациясы жөніндегі ұлттық жобаны жүзеге асыру мәселелері қаралды, деп хабарлайды baq-orda.kz Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің ресми сайтына сілтеме жасап. 

Онда энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов, Қарағанды және Павлодар, Абай облыстарының басшылары, сондай-ақ «Богатырь Көмір» және «Qarmet» көмір өндіру кәсіпорындарының өкілдері баяндама жасады. Өз кезегінде министр көмір саласының қазіргі жағдайы мен даму жоспарлары туралы баяндады.

«Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың V отырысында берген тапсырмасына сәйкес көмір кені қазіргі заманғы технологияларды енгізу және экологиялық жүктемені дәйекті түрде төмендету негізінде оны барынша тиімді әрі ұтымды пайдалануды қамтамасыз етуді талап ететін стратегиялық маңызды ресурс ретінде айқындалған. 2025 жылғы тамызда көмір өнеркәсібі саласындағы құзыретті органның функциялары Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігіне берілді. Бұл жағдай саланы  мемлекеттік реттеуді шоғырландыруға және оны одан әрі қарай дамытуға кешенді тәсілді қамтамасыз етуге жол ашты.
Қазақстанның көмір өнеркәсібі елдің энергетикалық қауіпсіздігі үшін маңызды сала. Қазақстан көмір кенінің қомақты қорына ие және әлемде 10-шы орында тұр, бұл өндірудің қазіргі көлемімен алғанда 300 жылдан астам уақытқа жетеді.
Ірі көмір кен орындары Орталық Қазақстанның екі негізгі аймағында орналасқан. Олар – Қарағанды көмір бассейні (7 млрд тонна) мен Торғай көмір бассейніндегі (6,2 млрд тонна) Шұбаркөл және Жалын кен орындары. Солтүстік-шығыс аймақта Екібастұз көмір бассейні (10,1 млрд тонна), Майкүбі көмір бассейні, Қаражыра кен орны бар. Еліміздегі көмір қорының көлемі – 33,6 млрд тонна», - деді Ерлан Ақкенженов.

Министр бұл сала ішкі нарықты тұрақты қамтамасыз ете отырып, экспортқа да тасымалды ұлғайтып, сол арқылы өсім көрсетіп отырғанын атап өтті. Айтуынша, өндірілетін көмірдің негізгі бөлігі ішкі нарыққа жіберіледі, ол электр энергетикасында, коммуналдық-тұрмыстық секторда және өнеркәсіпте пайдаланылады. Көмір экспортының да деңгейі сақталып отыр.

2025 жылдың қорытындысы бойынша көмір өндіру шамамен 115,9 млн тоннаны құрады, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 7%-ға көп. Коммуналдық-тұрмыстық мақсаттарға және ішкі тұтынуға 85,9 млн тонна пайдаланылды, ал көмір экспорты 30 млн тоннаға жетті. Көмір экспортының негізгі бағыттары: Ресей Федерациясы (16,6 млн тонна немесе жеткізудің 60%-дан астамы), Польша (5 млн тонна), Өзбекстан (2 млн тонна), Түркия (2 млн тонна), Үндістан (1,3  млн тонна), Малайзия (1,1 млн тонна) және тағы да басқа елдер.

«2026 жылы елімізде көмір өндіру көлемі 128,9 млн тонна болады деп жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда қатты пайдалы қазбалар саласында көмір бойынша 40 жер қойнауын пайдаланушы 41 келісімшарт бойынша жұмыс жүргізуде. Қазіргі уақытта көмір саласына жаңа инвестициялар тарту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр.
Жұмыс бағдарламаларына сәйкес 2025 жылы көмір өнеркәсібіндегі келісімшарттарға салынған инвестициялар көлемі 305 млрд теңгені құрады, ал 2026 жылы салаға тартылған инвестиция шамамен 553,5 млрд теңге болады деп күтілуде.
Көмір өнеркәсібінде 32 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылғанын атап өткен жөн. Сектордың тұрақты дамуы барысында жұмыс орындарының саны өсе түспек. Министрлік көмір саласындағы геологиялық барлауды дамытуға ерекше назар аударып отыр. Биыл жыл соңына дейін шамамен 10 учаске бойынша көмір кен орындарына жер қойнауын пайдалану құқығын беру туралы аукцион өткізу жоспарлануда», - деді ол.

Министр Мемлекет басшысының көмір генерациясын дамытуға ұлттық жоба мәртебесін беру туралы тапсырмасын орындау мақсатында Үкімет 2026 жылғы 20 наурызда «Көмір генерациясын дамыту» ұлттық жобасын бекіткенін атап өтті. Аталған құжат жиынтық қуаты шамамен 7,8 ГВт болатын инвестициялық жобалар кешенін жүзеге асыруды көздейді.

Ұлттық жобаның негізгі бағыттары:

- озық технологиялық шешімдер негізінде көмір генерациясына жаңа жоғары тиімді қуаттарды енгізу;

- заманауи тазарту жүйелерін енгізу және қоршаған ортаға теріс әсерді азайту;

- жұмыс істеп тұрған көмір электр стансаларының тиімділігі мен сенімділігін арттыра отырып, оларды кезең-кезеңімен жаңғырту;

- көмір өндіру көлемін ұлғайту, сондай-ақ көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту;

- персоналдың біліктілігін арттыру, еңбек жағдайларын жақсарту және сала қызметкерлерінің әлеуметтік қорғалуын күшейту;

- ұзақ мерзімді қаржыландыру көздерінен қаржы тарту және тұрақты инвестициялық базаны қалыптастыру.

«Жалпы, бұл жобаның құрылымы көмір өндірісін тар аяда дамуына емес, бүкіл саланың кешенді және жан-жақты дамуына бағытталған. Бұл жерде әңгіме генерацияны, инвестицияларды тартуды, отын-логистикалық инфрақұрылымды дамытуды, кадрлық әлеуетті және сабақтас бағыттарды нығайтуды қамтитын теңдестірілген тәсіл туралы болып отыр. Жүзеге асырудың мұндай жүйелі тәсілі мультипликативтік әсерді қамтамасыз етуге және тұтастай алғанда экономиканың тұрақты дамуына өз үлесін қосады», - деп атап өтті Ерлан Ақкенженов.

Оның айтуынша, Ұлттық жобаны жүзеге асыру шеңберінде көмір генерациясының экологиялық сипатын және тиімділігін арттыруға бағытталған «таза көмір» технологиясын қолдануға аса назар аударылуда. Бұл бағытта жоғары пайдалы әсер коэффициентін беретін және түпкі үлестегі зиянды қалдықтарды азайтатын озық технологиялық шешімдерді пайдалана отырып, тиімділігі жоғары көмір электр стансаларын салу көзделуде. Сонымен қатар қатты бөлшектерді және ауыр металдарды тұтып қалатын терең сүзгілеу технологияларын қоса алғанда, түтін газдарын тазартудың заманауи жүйелерін енгізу қамтамасыз етіледі. Бұл қоршаған ортаға теріс әсерді едәуір азайтуға мүмкіндік береді.

Көмірді газға айналдыру технологиясын дамыту да – дербес перспективалы бағыт. Бұл көмір ресурстарын барынша экологиялы пайдалану үшін жол ашады. Аталған шараларды жүзеге асыру көмір генерациясының сапалы жаңа технологиялық деңгейге өтуін қамтамасыз етуге, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және экономикалық даму мен экологиялық талаптар арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Ұлттық жобаны жүзеге асыру нәтижесінде мынадай негізгі әсерлерге қол жеткізу күтіледі:

  • негізгі өндіруші жабдықтың тозу деңгейін төмендету және энергия жүйесінің сенімділігін арттыру;
  • көмір электр стансаларында ластаушы заттар қалдықтарын 34%-ға қысқарту;
  • саланың экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз ете отырып, «таза көмірдің» заманауи технологияларын енгізу;
  • көмір электр стансаларының энергия тиімділігін арттыру және электр энергиясын өндіруге жұмсалатын үлестік шығындарды азайту;
  • жаңа жұмыс орындарын құру, сондай-ақ өнеркәсіптік және ілеспе инфрақұрылымды дамыту.

Сондай-ақ Ұлттық жоба көмір генерациясының 5,3 гВт болатын 8 жаңа объектісін салуды қоса алғанда, генерациялайтын қуаттарды кешенді дамытуды, сондай-ақ қуаты 2,5 ГВт болатын бұрыннан бар 11  энергия көздерін жаңғыртуды, кеңейтуді, реконструкциялауды және жаңартуды көздейді. Әрбір жоба Ұлттық жобада толығырақ сипатталып, бекітілген және Мемлекет басшысының тапсырмасын сапалы әрі тиісінше орындау мақсатында министрлік тарапынан жоғарыда аталған жобаларды уақытылы және тиімді жүзеге асыру бойынша толық бақылау қамтамасыз етілетін болады.

«Көмір өнеркәсібін дамытудың негізгі бағыттарының бірі – көмір химиясын дамыту екенін жеке атап өткім келеді. Бүгінгі таңда көмір химиясы саласында 3 жоба жүзеге асырылуда. Олар – Қарағанды облысында қуаты $332 млн болатын 1 млн тонна металлургиялық кокс өндіретін зауыт салу. Жұмыс орындарының саны – 500 адам. Павлодар және Қарағанды облыстарында тиісінше құны $63 млн және $65 млн болатын, 1160 және 1250 жұмыс орындары ашылатын, қуаты 100 мың тонна көмірден дизель отынын өндіруге жетітін 2 жоба.
Тағы 3 жоба пысықтау сатысында, олар – Қарағанды облысындағы кокс химиясы өндірісі, онда жылына 200 мың тоннаға дейін көмір шайырын өңделіп, 35 мыңға дейін бензол өндіріледі, сондай-ақ, сағатына 145 мың текше метр кокс газын тазарту, 250 текше метрге дейін ағынды суларды биохимиялық тазарту жұмыстары жүргізіледі. Абай облысында жылына 300 мың тоннаға дейін аммиак және 300 мың тонна карбамид өндіру қарастырылуда. Үшінші жоба – көмірден жылына 2 млрд текше метр газ өндіру туралы, оның орналасқан  жері айқындалуда», - деді министр.

Көмір өнеркәсібі энергетикалық қауіпсіздік пен экспорттық әлеуетті қамтамасыз ете отырып, ел экономикасы үшін стратегиялық маңызын сақтауда. Еліміздің бай көмір әлеуеті көмір химиясы саласында жаңа өндірістер құруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар көмір химиясын дамыту жобалардың жоғары капитал сыйымдылығы мен технологиялық күрделілігі, заманауи технологияларды енгізудің шектеулі тәжірибесі, кадрлық әлеуетті дамыту қажеттілігі, нормативтік базаны қалыптастыру сатысында сияқты бірқатар факторлармен қатар жүреді.

Министрдің айтуынша, көмір саласын дамытудан экономика үшін мынадай әсерлер күтілуде:

  • мұнай өнімдерінің импортына тәуелділікті төмендету;
  • жаңа жоғары технологиялық өндірістерді қалыптастыру;
  • жұмыс орындарын құру және өңірлік экономиканы дамыту;
  • терең өңдеу өнімдерінің экспорттық әлеуетін кеңейту;
  • көмір саласының қосылған құнын арттыру;
  • көмір өндіру және оны экспорттауды ұлғайту.

Бұл ретте саланы одан әрі дамыту көмірді терең қайта өңдеу ауқымының ұлғаюымен, жаңа инвестициялар тартумен, өндіруші өндірістерді технологиялық жаңғыртумен және көмір химиясы бағытын дамытумен байланысты болады.

«Сала тиімділігін арттырудың маңызды бағыты – цифрландыру. Қазіргі уақытта электр энергетикасында күзгі-қысқы кезеңнің өтуін мониторингтеудің, тарифтік реттеуді цифрландырудың цифрлық сервистері жүзеге асырылуда. Сондай-ақ жылу және электр желілерін диагностикалау үшін жасанды интеллектіні қолдана отырып шешімдер енгізілуде. Аталған шаралар электрмен жабдықтаудың сенімділігін, процестің ашықтығын арттыруға және өндірістік шығындарды азайтуға бағытталған. Сонымен қатар электр және жылу энергиясы генерациясын қамтамасыз етудегі көмірдің негізгі рөлін ескере отырып, министрлік Отын-энергетикалық кешенін басқарудың бірыңғай мемлекеттік жүйесі құрамында «Көмірді бөлу» кіші жүйесін енгізу жайын пысықтауда.
Бүгінгі таңда ағымдағы процестердің моделі әзірленді және көмірді бөлуді цифрлық басқарудың мақсатты архитектурасын құруға көшуге мүмкіндік беретін бағдарламалық қамту қосымшасына қойылатын талаптардың спецификациясын қалыптастыру жүзеге асырылуда. Кіші жүйені ендіру сұраныс пен ұсыныстың теңгерімсіздігін, бөлудің шектеулі ашықтығын және логистиканың тиімсіздігін қоса алғанда, жүйелік теңгерімсіздіктерді жоюға бағытталған», - деді Ерлан Ақкенженов.

Жобаны жүзеге асыру жедел мониторингті, басқарушылық шешімдерді болжауды және оларды қабылдауды, сондай-ақ бөлудің ашықтығы мен басқарылуын арттыруды және логистиканы оңтайландыруды қамтамасыз ететін мемлекет деңгейінде көмір бөлуді басқарудың бірыңғай цифрлық контурын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Министрлік көмір саласын  және оның генерациясын дамытудың оң динамикасын сақтау үшін жоспарланған жұмыстарды жалғастыратын болады.

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты