Контентке өту

Мемлекеттік грант – кәсіп бастауға мүмкіндік

Мемлекеттік грант – кәсіп бастауға мүмкіндік

Жұмыссыздықты азайту мен халықтың табысын арттыру – мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатының маңызды бағыттарының бірі. Осы мақсатта елімізде азаматтардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға арналған түрлі бағдарламалар жүзеге асырылып келеді. Солардың бірі – «Бастау Бизнес» жобасы. Бағдарлама аясында көптеген азамат жеңілдетілген несие мен қайтарымсыз грант алып, жеке кәсібін бастап, тұрақты табыс көзіне ие болуда, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Жамбыл облысында да бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Әсіресе Тараз қаласында мемлекеттік қолдаудың арқасында өз ісін ашып, шағын бизнесті дамытуға бет бұрған тұрғындардың қатары артып келеді.

Осындай кәсіпкерлердің бірі – көпбалалы ана Тоты Керімжанқызы. Ол бұған дейін үй жағдайында жартылай фабрикат өнімдерін дайындаумен айналысқан. Өз ісін кеңейтіп, өндіріс көлемін арттыру мақсатында мемлекеттік грантқа қатысып, жеңімпаз атанады. Нәтижесінде қайтарымсыз қаржылай қолдау алып, шағын асхана ашқан.

Кәсіпкердің айтуынша, грант қаражаты жаңа құрал-жабдықтар сатып алуға және өндіріс ауқымын кеңейтуге жұмсалған. Қазіргі таңда отбасы мүшелерімен бірлесіп жұмыс істеп, күніне 10 келіден астам котлет өнімдерін дайындайды. Дайын өнімдер қаладағы сауда орындарына өткізіліп, тұрақты сұранысқа ие болып отыр.

Бұл – мемлекеттік қолдаудың нақты нәтижесін көрсететін мысалдардың бірі. Бүгінде көптеген азамат осындай бағдарламалардың көмегімен жұмыс іздеушіден жұмыс берушіге айналуда.

Тараз қаласының мансап орталығының мәліметінше, өткен жылы 211 тұрғын өз бизнес-жобаларын ұсынып, мемлекеттік грантқа ие болған. Олардың басым бөлігі алған қаражатты тиімді пайдаланып, шағын кәсіпорындар, қызмет көрсету нысандары мен өндірістік бағыттағы жобаларды іске қосқан.

Алайда мемлекеттік қаражаттың мақсатты жұмсалуын бақылау да басты назарда. Осыған байланысты тұрақты түрде мониторинг жұмыстары жүргізіледі. Тексеру нәтижесінде грант қаражатын кәсіпкерлік мақсатқа пайдаланбаған азаматтар да анықталған.

Мансап орталығы мамандарының мәліметінше, 40 азаматқа қатысты материалдар сотқа жолданған. Сот барысында олардың бір бөлігі мемлекет қаржысын мақсатсыз пайдаланғаны дәлелденіп, бөлінген қаражатты бюджетке қайтару жөнінде шешім қабылданған. Ал қалған азаматтар өз кәсіптерінің жұмыс істеп тұрғанын дәлелдеп, мемлекеттік қолдауды тиімді пайдаланғандарын көрсеткен.

Бұл мемлекет тарапынан бөлінетін қаражаттың әр теңгесіне жауапкершілікпен қаралатынын аңғартады. Себебі гранттың негізгі мақсаты – халықтың әл-ауқатын жақсартып, жаңа жұмыс орындарын ашу және кәсіпкерлікті дамыту.

Сарапшылардың пікірінше, қайтарымсыз гранттар азаматтардың кәсіпкерлік белсенділігін арттыруға оң әсерін тигізіп отыр. Әсіресе көпбалалы аналар, жастар, әлеуметтік осал топ өкілдері үшін бұл – өз кәсібін бастап, табысын арттыруға берілген үлкен мүмкіндік.

Бүгінде Тараз қаласында мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесінде ондаған шағын кәсіп нысандары ашылып, жүздеген адам өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр. Бұл өз кезегінде өңір экономикасының дамуына, халықтың тұрмыс деңгейінің жақсаруына және жұмыссыздық көрсеткішінің төмендеуіне ықпал етуде.

Мемлекет ұсынған мүмкіндікті тиімді пайдаланып, адал еңбекпен табыс табуға ұмтылған азаматтардың қатары артқан сайын, ел экономикасының да ілгерілеуі күшейе түспек.

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты