Жамбыл облысында жоғары білім мен ғылым саласын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл ретте өңірлік жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасын нығайту, ғылыми әлеуетін арттыру, тәжірибелі ғалымдар мен педагогтердің еңбегін дәріптеу маңызды міндеттердің бірі болып саналады. Осындай игі бастамалардың бірі М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінде жүзеге асырылды, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Университеттің «Экономика және менеджмент» кафедрасында жоғары білім беру саласының дамуына сүбелі үлес қосқан, саналы ғұмырын ғылым мен педагогикаға арнаған ардагер-ұстаз Орынкүл Мамырбаеваның есімі берілген жаңа оқу аудиториясы ашылды. Бұл бастама тек бір тұлғаның еңбегін ұлықтау ғана емес, ғылым мен білім саласындағы сабақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Салтанатты рәсімге университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы, ардагер ұстаздар, студенттер мен қоғам өкілдері қатысты. Жаңа аудиторияның ашылуы барысында білім мен ғылым саласына адал қызмет еткен ұстаздың өмір жолы мен кәсіби қызметі кеңінен насихатталды.
Басқарма мүшесі – стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор Шолпан Есімова өз сөзінде аудиторияның ашылуы университеттің білім беру инфрақұрылымын жетілдіруге бағытталған жұмыстардың жалғасы екенін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа оқу кеңістігі студенттердің сапалы білім алуына, ғылыми ізденістер жүргізуіне және заманауи білім беру технологияларын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Шара барысында ардагер ұстаздың ғылыми-педагогикалық қызметіне арналған арнайы бейнематериал көрсетілді. Онда Орынкүл Мамырбаеваның жас мамандарды тәрбиелеудегі еңбегі, ғылыми-әдістемелік ізденістері және университеттің дамуына қосқан үлесі жан-жақты қамтылды. Бұл өз кезегінде студенттер мен жас оқытушылар үшін үлкен тағылым болды.
Бүгінде ғылымды дамыту тек ғылыми зерттеулер жүргізумен ғана шектелмейді. Ғылыми мектептердің қалыптасуы, тәжірибелі ғалымдардың мұрасын сақтау және оны жас буынға жеткізу де ғылымның тұрақты дамуының маңызды алғышарттарының бірі. Сондықтан мұндай бастамалар ғылымды кеңінен насихаттауға, жастардың ғылыми ортаға қызығушылығын арттыруға және зерттеушілік мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді.
Мемлекет басшысы ғылым мен жоғары білім саласын дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Соңғы жылдары жас ғалымдарды қолдау, ғылыми жобаларды қаржыландыру, өңірлік университеттердің әлеуетін арттыру бағытында нақты шаралар қолға алынуда. Бұл жұмыстар жоғары оқу орындарының ғылыми-зерттеу қызметін жандандырып, өңірлік ғылымның дамуына жаңа мүмкіндіктер ашуда.
М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінде ашылған жаңа аудитория осы бағыттағы жұмыстардың нақты көрінісі болып табылады. Ардагер ұстаздың есімін ұлықтау арқылы білім ордасы ғылыми сабақтастықтың маңызын көрсетіп, жас ұрпаққа ғылым мен білім жолындағы адал еңбектің үлгісін насихаттап отыр.
Ғылым мен білімнің дамуы – елдің интеллектуалдық әлеуетін арттырудың басты кепілі. Сондықтан өңірлік жоғары оқу орындарында жүзеге асырылып жатқан мұндай бастамалар ғылымды дәріптеуге, жоғары білім сапасын арттыруға және болашақ зерттеушілердің жаңа буынын қалыптастыруға қызмет ете береді.