Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Тараз қаласында Инклюзивті спорт орталығының құрылысына капсула салу рәсімі өтті. Бұл – өңірдегі спорт инфрақұрылымын дамытуға және ерекше қажеттілігі бар азаматтарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған маңызды әлеуметтік жобалардың бірі. Салтанатты іс-шараға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев қатысып, жаңа нысанның өңір тұрғындары үшін маңызына тоқталды, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Бүгінде елімізде бұқаралық спортты дамыту, халықтың денсаулығын нығайту және ерекше қажеттілігі бар азаматтардың қоғам өміріне белсенді араласуына жағдай жасау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне айналған. Осы тұрғыдан алғанда, Инклюзивті спорт орталығының құрылысы – әлеуметтік әділеттілік пен тең мүмкіндік қағидаттарын жүзеге асыруға бағытталған нақты қадам.
Өңір басшысы өз сөзінде жаңа спорт кешенінің құрылысы адамға деген құрметтің, инклюзивті қоғам қалыптастырудың және әлеуметтік жауапкершіліктің айқын көрінісі екенін атап өтті. Сонымен қатар облыста мүмкіндігі шектеулі азаматтарды бұқаралық спортқа кеңінен тарту, спорттық резервті қалыптастыру және халықаралық деңгейде ел намысын қорғайтын спортшыларды даярлау бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді.
– Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауларында халықтың өмір сүру сапасын арттыруды, бұқаралық спортты дамытуды және ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін қолайлы орта қалыптастыруды мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі ретінде айқындап келеді. Бүгін бастау алған Инклюзивті спорт орталығының құрылысы – осы стратегиялық міндеттердің нақты жүзеге асуының айқын дәлелі.
Спорт инфрақұрылымын дамыту – өңірдің тұрақты дамуының маңызды бағыты. Себебі дені сау ұлт – қуатты мемлекеттің негізі. Ал инклюзивті спорт әрбір азаматқа өзінің әлеуетін ашуға, қабілетін дамытуға және қоғам өміріне белсенді араласуға мүмкіндік береді.
Бүгін іргетасы қаланған орталық алдағы уақытта мыңдаған тұрғынға қызмет көрсетіп, жас спортшылардың алғашқы жеңістеріне жол ашатын, параспортшылардың жаңа белестерді бағындыруына мүмкіндік беретін маңызды спорт ордасына айналады деп сенеміз, – деді Ербол Қарашөкеев.
Жоба аясында халықтың барлық санатына, соның ішінде мүгедектігі бар азаматтар мен жүріп-тұруы шектеулі адамдарға арналған заманауи әрі толық қолжетімді көпфункционалды спорт кешені салынады. Орталық халықаралық талаптарға сай жобаланып, келушілердің қауіпсіздігі мен жайлылығына ерекше мән беріледі.
Кешен құрамында әмбебап спорт залы, көрермендерге арналған мінберлер, тренажер залы, емдік дене шынықтыру кабинеттері, медициналық және психолог кабинеттері, әкімшілік және жаттықтырушылар бөлмелері, конференция залы, буфеті бар демалыс аймағы, тіркеу және күту аймақтары, кең вестибюль, киім ауыстыратын бөлмелер, душ және санитарлық тораптар, сондай-ақ техникалық және қосалқы үй-жайлар орналасады.
Орталықтың жалпы аумағы 1,6 гектарды, ал ғимараттың жалпы ауданы 3 600 шаршы метрді құрайды. Нысан бір мезетте 300 келушіні қабылдай алады. Құрылыс жұмыстарын 2027 жылдың ақпан айында аяқтау жоспарланып отыр.
Қазіргі таңда Жамбыл облысында дене шынықтыру және спортпен тұрақты айналысуға мүмкіндігі бар 19 278 мүгедектігі бар азамат тіркелген. Оның ішінде 4 383 адам немесе 22,7 пайызы спортпен жүйелі түрде шұғылданады. Ал олардың 1 481-і – жасөспірімдер. Бұл көрсеткіш өңірде параспорттың қарқынды дамып келе жатқанын және ерекше қажеттілігі бар жастардың спортқа қызығушылығы артып отырғанын көрсетеді.
Биыл Жамбыл облысынан 200 спортшы Қазақстан Республикасының ұлттық құрамалары сапына енді. Оның ішінде 148 спортшы негізгі құрамда, 43 спортшы жастар құрамасында, ал 9 спортшы жасөспірімдер құрамасында өнер көрсетуде.
Өңірдің параспортшылары халықаралық ареналарда да жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Олардың қатарында Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері, әлем және Азия чемпиондары Зүлфия Ғабидуллина, Нұрдәулет Жұмағали, Ғабит Есжанов, Айдос Түгелбаев, Берік Нұрымов, Нұржан Асан, Диас Рысбек және басқа да халықаралық дәрежедегі спортшылар бар. Бұл жетістіктер өңірде параспортты дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі саналады.
Салтанатты рәсім барысында BI Construction & Engineering компаниясының Оңтүстік дивизионының директоры Ілияс Рүстем мен Қазақстан Ұлттық Паралимпиада комитеті вице-президенті Зүлфия Ғабидуллина сөз сөйлеп, жаңа спорт орталығы ерекше қажеттілігі бар азаматтардың спортпен тұрақты айналысуына, олардың физикалық және рухани дамуына жаңа мүмкіндік беретін маңызды әлеуметтік жоба екенін атап өтті.
– Бүгін ерекше қажеттілігі бар барлық спортшылар үшін айрықша әрі маңызды күн. Инклюзивті спорт орталығының құрылысының басталуы – көптен күткен қуанышты оқиға. Бұл орталық тек жаңа спорт нысаны ғана емес, мүмкіндігі әртүрлі азаматтар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Мұнда олар заманауи жағдайда спортпен шұғылданып, жан-жақты дамып, өз күшіне деген сенімін нығайтып, биік мақсаттар қойып, жеңістерге жете алады.
Мемлекет басшысына инклюзивті спортты дамытуға көрсетіп отырған қолдауы және еліміздің барлық өңірінде мамандандырылған спорт орталықтарын салу жөніндегі бастаманы жүзеге асырып жатқаны үшін алғыс білдіремін, — деді Зүлфия Ғабидуллина.
Жаңа Инклюзивті спорт орталығы пайдалануға берілгеннен кейін Жамбыл облысында ерекше қажеттілігі бар азаматтардың спортпен тұрақты айналысуына қолайлы жағдай жасап қана қоймай, халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізуге мүмкіндік беретін маңызды спорттық әрі әлеуметтік нысандардың біріне айналады деп күтілуде.