Контентке өту

Таразда 200-ге жуық отбасы баспаналы болды

Таразда 200-ге жуық отбасы баспаналы болды

Тараздағы «Ұлы дала» шағынауданында 196 пәтерлі 2 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Салтанатты шараға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев,  «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ляззат Ибрагимова және шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков арнайы қатысып, қоныстой иелерінің қуанышына ортақтасты., деп хабарлайды baq-orda.kz.

Ең әуелі Ербол Шырақпайұлы тұрғындарға ақжарма тілегін арнады. 

– Баспана – әрбір отбасының бақыты мен берекесінің, тұрақтылығы мен ертеңгі күнге деген сенімінің негізі. Сондықтан азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету – мемлекетіміздің әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі. Бүгін пайдалануға беріліп отырған тұрғын үйлер – осы жүйелі мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесі.
Осындай ауқымды жұмыстардың нәтижесінде ағымдағы жылы облыс көлемінде жалпы 770 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда. Сондай-ақ жеке инвестициялар есебінен Тараз қаласында 111,8 мың шаршы метр тұрғын үй салу көзделген.
Тұрғын үй құрылысы бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Егер өткен жылы облыс аумағында 16 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілген болса, биыл тағы 1 190 пәтерді қамтитын 31 үй тапсырылады, – деген аймақ басшысы қуаныш иелеріне пәтер кілттерін табыстады.

Келесі кезекте сөз алған Ляззат Еркенқызы халықты баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары үздіксіз жалғаса беретінін жеткізді. 

– Президент тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мен олардың өмір сүру сапасын арттыруды мемлекеттік саясаттың негізгі басым бағыттарының бірі ретінде айқындады. Халқымызда «Отан – отбасынан басталады» деген нақыл сөз бар. Әрбір отбасының бақыты мен берекесі өз шаңырағымен тығыз байланысты. Сондықтан бүгінгі қоныс тойының мәні мен маңызы ерекше.
Әрбір отбасыға амандық, ынтымақ пен ырыс-береке тілеймін. Жаңа үйлеріңізде әрдайым шаттық пен қуаныш салтанат құрып, баланың күлкісі үзілмесін! Қоныстарыңыз құтты, шаңырақтарыңыз биік болсын!, – деді Л.Ибрагимова. 

Тұрғындар да баспаналы болғандарына қуанышты екендіктерін жасырмады. Солардың бірі – ерекше баланың анасы Арайлым Шатырова.

– Бүгін мен үшін өте қуанышты күн. Мемлекеттік бағдарлама арқылы өз баспанама қол жеткізіп отырмын. Осы мүмкіндікті жасап, қолдау көрсеткен мемлекетке және барлық жауапты азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін. Жаңа қонысымыз құтты болып, әр шаңыраққа осындай қуаныш бұйырсын! – дейді Арайлым Болатбекқызы ағынан жарылып. 

Айта кетер жайт, бұл пәтерлердің барлығы мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алуға әлеуметтік осал топтар санаты бойынша кезекте тұрған азаматтарға табысталды.

Сонымен қатар осы күні «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ляззат Ибрагимова Тараздағы «Балауса» (14) шағын ауданымен танысты. Сапар барысында Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков аталған аумақта жүзеге асырылып жатқан құрылыс жобалары туралы кеңінен баяндады. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың тұрмыс сапасын арттыру, азаматтардың әл-ауқатын жақсарту мәселесін әрдайым басты назарда ұстап келеді. Президент өз Жолдауларында тұрғындардың өмір сүру деңгейін көтеру, қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі екенін үнемі атап өтеді. Осыған орай Таразда жаңа шағын аудандар бой көтеріп, тұрғын үйлер көптеп салынып жатыр. 

Соның бірі – «Балауса» шағын ауданының егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы аясында тұрғындардың жайлы өмір сүруіне қажетті барлық инфрақұрылым қарастырылған. Жалпы жоба бойынша онда 145 тұрғын үйдің құрылысы көзделген. Оның ішінде 64  таунхаус  үлгісіндегі  тұрғын үй мен 81 көпқабатты үй салынып жатыр. Жобаның толық іске асырылуы нәтижесінде тұрғын үй қоры 358,1 мың шаршы метрді құрап, мұнда шамамен 14 400 адамның қоныстануына мүмкіндік жасалады. 

Шағын ауданның инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын дамыту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылған. Атап айтқанда, 2016-2023 жылдар аралығында газбен жабдықтау, жылумен қамту, электр желілері, ауыз су жүйелері, кәріз және сыртқы байланыс желілерінің құрылысы жүргізіліп, бүгінде шағын аудан толыққанды инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген.

Қазіргі уақытта жобада қарастырылған бес қабатты 22 тұрғын үйдің 5-еуі пайдалануға берілген. Ал қалған 17 тұрғын үйде құрылыс-монтаждау жұмыстары қарқынды жалғасуда. Тұрғын үйлермен бірге ішкі алаңдық инженерлік желілердің құрылысы да қатар жүргізілуде.

Сонымен қатар жаңа шағын ауданда халықтың әлеуметтік қажеттіліктерін қамтамасыз ету мақсатында 2 мектеп, 3 балабақша, онкологиялық диспансер, көпсалалы аурухана, профильді емхана, лицей-интернат, салтанат сарайы, инновациялық шығармашылық орталығы, дене шынықтыру-сауықтыру кешені және түрлі кәсіпкерлік нысандардың құрылысы жоспарланған.

Ляззат Еркенқызы тұрғын үй құрылысының қарқыны мен инфрақұрылымдық шешімдерге оң бағасын беріп,  шаһарда халықты баспанамен қамту бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың маңыздылығын атап өтті.

Жалпы, «Балауса» шағын ауданындағы құрылыс-монтаждау жұмыстарын 2026 жылдың соңына дейін толық аяқтау жоспарланып отыр. Жоба толық іске қосылғаннан кейін бұл аумақ Тараз қаласының заманауи талаптарға сай дамыған әрі тұрғындарға қолайлы аумақтарының біріне айналмақ.

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты