Контентке өту

Таразда жаңа шағын аудан заманауи үлгіде салынуда

Таразда жаңа шағын аудан заманауи үлгіде салынуда

Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келген «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ляззат Ибрагимова Тараздағы «Балауса» шағын ауданымен танысты. Сапар барысында Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков аталған аумақта жүзеге асырылып жатқан құрылыс жобалары туралы кеңінен баяндады, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың тұрмыс сапасын арттыру, азаматтардың әл-ауқатын жақсарту мәселесін әрдайым басты назарда ұстап келеді. Президент өз Жолдауларында тұрғындардың өмір сүру деңгейін көтеру, қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі екенін үнемі атап өтеді.  Осыған орай Таразда жаңа шағын аудандар бой көтеріп, тұрғын үйлер көптеп салынып жатыр. 

Соның бірі – «Балауса» шағын ауданының егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы аясында тұрғындардың жайлы өмір сүруіне қажетті барлық инфрақұрылым қарастырылған. Жалпы жоба бойынша онда 145 тұрғын үйдің құрылысы көзделген. Оның ішінде 64  таунхаус  үлгісіндегі  тұрғын үй мен 81 көпқабатты үй салынып жатыр. Жобаның толық іске асырылуы нәтижесінде тұрғын үй қоры 358,1 мың шаршы метрді құрап, мұнда шамамен 14 400 адамның қоныстануына мүмкіндік жасалады. 

Шағын ауданның инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын дамыту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылған. Атап айтқанда, 2016-2023 жылдар аралығында газбен жабдықтау, жылумен қамту, электр желілері, ауыз су жүйелері, кәріз және сыртқы байланыс желілерінің құрылысы жүргізіліп, бүгінде шағын аудан толыққанды инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген.

Қазіргі уақытта жобада қарастырылған бес қабатты 22 тұрғын үйдің 5-еуі пайдалануға берілген. Ал қалған 17 тұрғын үйде құрылыс-монтаждау жұмыстары қарқынды жалғасуда. Тұрғын үйлермен бірге ішкі алаңдық инженерлік желілердің құрылысы да қатар жүргізілуде.

Сонымен қатар жаңа шағын ауданда халықтың әлеуметтік қажеттіліктерін қамтамасыз ету мақсатында 2 мектеп, 3 балабақша, онкологиялық диспансер, көпсалалы аурухана, профильді емхана, лицей-интернат, салтанат сарайы, инновациялық шығармашылық орталығы, дене шынықтыру-сауықтыру кешені және түрлі кәсіпкерлік нысандардың құрылысы жоспарланған.

Ляззат Еркенқызы тұрғын үй құрылысының қарқыны мен инфрақұрылымдық шешімдерге оң бағасын беріп,  шаһарда халықты баспанамен қамту бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың маңыздылығын атап өтті.

Жалпы, «Балауса» шағын ауданындағы құрылыс-монтаждау жұмыстарын 2026 жылдың соңына дейін толық аяқтау жоспарланып отыр. Жоба толық іске қосылғаннан кейін бұл аумақ Тараз қаласының заманауи талаптарға сай дамыған әрі тұрғындарға қолайлы аумақтарының біріне айналмақ.

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты