Тараз қаласындағы «Қазақ хандығы» монументі аумағында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында «Тарихи өлкенің тазалығы» атты экологиялық акция ұйымдастырылды., деп хабарлайды baq-orda.kz.
Іс-шараны Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасына қарасты «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі өткізді.
Акцияның басты мақсаты – қоршаған ортаның тазалығын сақтау, тарихи-мәдени нысандардың аумағын күтіп ұстау, туған өлкенің табиғатына жанашырлықпен қарау мәдениетін қалыптастыру және жастардың экологиялық жауапкершілігін арттыру. Сонымен қатар бастама қоғамда тазалық мәдениетін кеңінен насихаттап, қоршаған ортаға ұқыпты қараудың маңызын дәріптеуге бағытталды.
Экологиялық акцияға жастар ресурстық орталықтарының басшылары мен мамандары, еріктілер, жастар ұйымдарының өкілдері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Қатысушылар «Қазақ хандығы» монументінің аумағын тұрмыстық қалдықтардан тазартып, жаяу жүргіншілер жолдарын ретке келтірді, жасыл желектерді күтіп-баптау және аумақты абаттандыру жұмыстарына белсенді атсалысты. Жиналған қоқыстар арнайы белгіленген орындарға шығарылып, тарихи нысанның айналасының санитарлық тазалығы қамтамасыз етілді.
«Таза Қазақстан» – тек сенбілік өткізумен шектелмейтін, қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, табиғатқа және қоғамдық кеңістікке жауапкершілікпен қарауды насихаттауға бағытталған маңызды бастама. Осындай шаралар әрбір азаматтың туған жердің тазалығы мен көркеюіне өз үлесін қоса алатынын көрсетіп, жастардың қоғамдық белсенділігі мен экологиялық санасын арттыруға ықпал етеді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, тарихи және мәдени маңызы зор «Қазақ хандығы» монументінің аумағын таза ұстау – баршаға ортақ міндет. Мұндай экологиялық акциялар тарихи мұраға деген құрметті арттырып қана қоймай, қоғамдық кеңістікті күтіп ұстау мәдениетін нығайтуға және өңірдің көркеюіне үлес қосады.